Түркістан облысында ауыл шаруашылығын қолдауға 48,5 млрд теңге бөлінді

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын қолдауға 48,5 млрд теңге бөлінді

2025 жылы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын қолдауға жалпы көлемі 48,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 43,3 млрд теңге облыстық бюджеттен, ал 5,2 млрд теңге үкіметтік резервтен қарастырылды. 9 айдың қорытындысы бойынша 42 млрд теңге қаржы шаруаларға бағытталып, аграрлық сектордың тұрақты дамуына үлес қосуда. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды.

Жиында өңір басшысы шаруаларды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, берілетін субсидиялар мен жеңілдіктер өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өзіндік кірістерді арттыруға ықпал етуі тиіс. Осыған байланысты жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, "Басым дақылдарды субсидиялау" бағдарламасы аясында 4,4 млрд теңге бөлінген. Бағдарлама нәтижесінде жылыжай шаруашылықтарының өндіріс көлемі артып, өнім бағасы тұрақтанған. 2023 жылы жылыжайлардан 78 мың тонна өнім жиналса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 101,5 мың тоннаға жетіп, өсім 1,3 есені құрады.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген 2024–2028 жылдарға арналған жол картасы аясында Түркістан облысына 2025 жылы 189,8 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Осы мақсатқа бюджеттен 12,2 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күнге дейін жоспар толық орындалды. Егіс алқаптарына 206 мың тонна тыңайтқыш енгізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге өсті.

Мал шаруашылығы саласында Түркістан облысы республикада жетекші орында. Ірі қара малдың 13%-ы (1 143,6 мың бас), ұсақ малдың 22%-ы (4 947,6 мың бас), жылқының 11%-ы (495,8 мың бас) және түйенің 14%-ы (43,2 мың бас) осы өңірге тиесілі. Биылғы 8 айда 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт және 177 млн дана жұмыртқа өндірілді.

Салада 25 бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. 2024 жылдан бастап асыл тұқымды аналық мал басын сатып алуға ерекше назар аударылуда. Нәтижесінде, 2023 жылмен салыстырғанда асыл тұқымды ірі қара саны 117%-ға, ұсақ мал 3,9 есеге, жылқы 101,2%-ға артты.

Сонымен қатар, қайта өңдеу саласына да қолдау көрсетілуде. Қайта өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын өтеуге 2023 жылы 1,3 млрд теңге, 2024 жылы 1,85 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы 1 млрд теңге қарастырылған. Бұл бағдарлама өңірдегі тамақ өнімдері өндірісінің артуына оң әсерін тигізіп отыр.