Түркістан облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық аяқталды

Түркістан облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық аяқталды

Түркістан облысында жылумен қамтамасыз етуді 7 кәсіпорын жүзеге асырады. Бұл кәсіпорындардың құрамына 1 жылу энергетика кешені, 36 орталықтандырылған қазандық және 2083 автономды қазандық кіреді. Аталған жылу нысандарында 2025–2026 жылу беру маусымына дайындық жұмыстары толық көлемде жүргізілді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде мәлім болды.

Мәжіліс барысында облыс әкімі жылыту маусымының тұрақты әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында жауапты сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Әкім әрбір әлеуметтік нысан мен тұрғын үйдің жылумен қамтылуын, отын қорының жеткілікті болуын және жылыту жүйелерінің ақаусыз жұмыс істеуін тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді. Сонымен қатар, ол дайындық барысында ешқандай кемшілікке жол берілмеуі тиіс екенін атап өтіп, ақпараттың тұрақты түрде жаңартылып отыруын тапсырды және жауапсыздық танытқан басшылардың жауапкершілігі қатаң қаралатынын ескертті.

Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев 2025–2026 жылу беру маусымына дайындық барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірде дайындық жұмыстары өңірлік штабтың тұрақты бақылауында жүргізілуде.

Кентау қаласында 2024–2025 жылдары басталған 6 қазандықтың техникалық бөлігінің құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Сонымен қатар, магистральды және ішкі орам жылу желілерін жаңғырту жұмыстары да жүргізілген. Жалпы ұзындығы 14,5 шақырым болатын магистральды жылу желілерінің 950 метрі қайта құрылып, 1 шақырымға артық жұмыс орындалған. Ішкі орам жылу желілерінің бірінші кезеңі бойынша жалпы ұзындығы 22,2 шақырымды құрайтын желілерді қайта құруға қаржы қаралып, жоспарланған 4,2 шақырымның орнына 5,5 шақырым желі жөндеуден өткен, яғни жоспар 130%-ға артығымен орындалған. Екінші кезеңде жалпы ұзындығы 44,2 шақырым болатын ішкі орам желілерін қайта құру жоспарланып, 35 шақырымын ауыстыру көзделсе, қазіргі таңда 33,5 шақырымында тиісті жұмыстар жүргізілген. Қалған бөлігі жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Созақ ауданының Қыземшек кентіндегі резервтік №6 қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталса, №2, №3 және №4 қазандықтарда жөндеу жалғасуда. Сонымен қатар, Қыземшек және Таукент кенттерінде жалпы ұзындығы 4,7 шақырым болатын жылу құбырлары толық ауыстырылып, жұмыстар 100% орындалған. Төлеби ауданында да бір резервтік қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілуде және ұзындығы 1,1 шақырым жылу желілері толық жаңартылған. Отырар ауданының Шәуілдір және Мыңшұқыр ауылдарындағы қазандықтарда жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал Түркістан, Арыс қалалары мен Сарыағаш ауданындағы барлық қазандықтар қысымдалып, жылыту маусымына толық дайын. Сонымен қатар, Түркістан қаласының орталық қазандығында шұңқыр (котлован) қазылып, резервуарлар жеткізілген.

Жалпы облыс бойынша бюджеттік мекемелердің дизель отынына қажеттілігі 3,146 миллион литрді құрап, соның 3,103 миллион литрі тасымалданған. Көмір отынына деген сұраныс 594,3 мың тонна болса, қазіргі таңда оның 325,6 мың тоннасы жеткізілген. Оның ішінде бюджеттік мекемелер 100%, жеке тұрғындар 77%, ал жылыжайлар 22% қамтамасыз етілген. Теміржол тұйықтарында 90,6 мың тонна көмір қоры жинақталған. Биыл облыс бойынша 46 газбен жабдықтау нысанының құрылысы аяқталады. Осыған байланысты Мақтарал, Жетісай, Келес, Кентау, Сарыағаш, Ордабасы және Бәйдібек аудандарында көмір отынын тұтыну көлемі шамамен 74 мың тоннаға қысқарады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, облыстағы жылыту маусымы алғаш болып Түлкібас ауданында басталды. Қалған аудан және қалаларда жылыту маусымы 15 қазан мен 1 қараша аралығында кезең-кезеңімен іске қосылады.