Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерімен кездесу өтті
2025 ж. 14 қазан
44
0

Түркістан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың қатысуымен кездесу өтті. Жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп, Ассамблеяның этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы маңызды рөліне тоқталды.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында ел ішіндегі этносаралық тұрақтылықты ұлттық байлық ретінде бағалап, оның ел дамуына тигізіп отырған әсерін атап өткенін жеткізді. Сондай-ақ Ассамблея барлық этностарды қазақ халқының төңірегіне топтастырып, достық пен ынтымақты сақтауда өз миссиясын толық атқарып келе жатқанын айтты. Этнос өкілдері тығыз орналасқан елді мекендерде бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған әлеуметтік және мәдени жобалар сәтті жүзеге асырылып жатқанына да назар аударды.
Кездесуге «Ел бірлігі» депутаттық тобының мүшелері, облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен ҚХА жанындағы құрылым өкілдері қатысты.
ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен ҚХА-ның соңғы сессиясында жүктелген мақсат-міндеттерге тоқталып, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, ҚХА мүшесі Жанар Темірбекова, облыстық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов, облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Рамиля Мустафаева баяндама жасап, облыста жүзеге асып жатқан қайырымдылық шаралары, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, медиация және жастардың ел дамуына қосқан үлесі жөнінде ой бөлісті.
Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау жолында атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты талқылады.
Шара соңында бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды.