Түлкібаста құс фабрикасы салынады
2025 ж. 14 қазан
44
0

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында қуаттылығы жылына 48 мың тонна болатын құс етін өндіретін ірі фабрика құрылысы басталмақ. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Түлкібас ауданына барып, Жабағылы ауылындағы «Қарқын Трейд» ЖШС құс етін өндіру зауытының капсуласын салу рәсіміне қатысты.
– Бүгін біз үшін ерекше күн. Бір күнде екі бірдей өндірістік нысанның ашылуы мен құрылыс жұмыстары басталып отыр. Күмісбастау ауылында сусын өндіретін зауыт іске қосылса, Жабағылы ауылында құс фабрикасының құрылысы қолға алынуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Бұл нысандар – жаңа жұмыс орындары, заманауи технологиялар мен экономикалық өсімнің кепілі. Жаңа фабрика экспорттық әлеуетті де арттырады, – деді өңір басшысы.
Жобаның жалпы құны – 53,7 млрд теңгені құрайды. Фабрика жылына 48 мың тоннаға дейін құс етін өндіруді көздеп отыр. Жобаға қолдау көрсету мақсатында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 5 млрд теңге көлемінде несие беру жоспарланған. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Кәсіпорын толық іске қосылған кезде 1 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Фабрика 517,7 гектар аумақта бой көтереді. Жоба аясында 96 құс фермасы, инкубатор, құрама жем зауыты, газ-электр станциясы, құс сою және қалдық өңдеу цехтары, сондай-ақ тоңазытқыш қоймалар салу көзделіп отыр.
Жобаны жүзеге асыру үш кезеңге бөлінген. Алғашқы кезең 2026–2027 жылдары жүзеге асырылады. Бұл кезеңге 21,9 млрд теңге инвестиция салынып, 550 жұмыс орны ашылады. Жылдық өнім көлемі 15 мың тоннаны құрайды деп жоспарланған. Екінші кезең 2028–2029 жылдарды қамтиды. Бұл уақытта 15,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, тағы 325 жұмыс орны ашылады. Өнім көлемі 24 мың тоннаға дейін артады. Үшінші және соңғы кезең 2029–2030 жылдары жүзеге асырылады. Бұл кезеңде 16 млрд теңге инвестиция салынып, қосымша 325 жұмыс орны ашылады. Осы кезеңнен кейін фабрика толық қуаттылығына шығып, жылына 48 мың тонна құс етін өндіре алады.
Жобаның толық іске қосылуы 2029–2030 жылдарға жоспарланған.