Түркістанда облыс әкімі мен тұрғындар жасыл бастаманы қолдады

Түркістанда облыс әкімі мен тұрғындар жасыл бастаманы қолдады

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға өңір бойынша 50 мыңнан астам тұрғын атсалысып, 17 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды.

Экологиялық бастамаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қолдау білдіріп, Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында көшет отырғызды. Ол зиялы қауым, аға буын өкілдері және жастармен кездесіп, өңірді көгалдандырудың, жасыл желек көлемін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңызы зор. Қоршаған ортаның тазалығы – қоғамның тазалығы. Ағаш отырғызу мен айналаны таза ұстау – әрбір азаматтың борышы. Бүгінгі сенбілікке белсене қатысқан ардагерлерге, жастарға, тазалық қызметкерлеріне және барлық тұрғындарға алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

«Парасат» саябағында 120 түп ағаш егілді. Сол арқылы саябақтағы жасыл желек көлемі кеңейді. Сенбілікке белсене қатысқандардың бірі – мәдениет саласының ардагері Ұлжан Мұстафаева.

– Бүгін қаладағы ардагерлер, аға буын өкілдері мен аналар алқасының мүшелері осы игі шараға арнайы келіп отыр. Мақсатымыз – туған қаламыздың көркеюіне өз үлесімізді қосу. Немеремді де ерте келдім. Барша түркістандықтарды «Таза Қазақстан» бағдарламасына үн қосуға шақырамын, – деді Ұлжан апай.

Айта кетейік, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді.