Жетісайда ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда

Жетісайда ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы аясында Жетісай ауданында инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл бастамалар жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, аудан экономикасын дамытуға серпін беруді көздейді.

Аудан аумағында жалпы көлемі 59 гектарды құрайтын «Жетісай» өңірлік индустриялық аймағын құру көзделіп отыр. Қазіргі таңда қажетті инфрақұрылымды жеткізу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыру мәселелері пысықталуда. Аудан әкімі Серік Мамытов индустриялық аймақ аумағында болып, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралады және шетелдік инвесторлармен кездесіп, жобалармен танысты.

Аймақта алғаш болып жүзеге асатын жобалардың бірі – ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суару жүйелеріне арналған құрал-жабдықтар мен агроөндірістік пленкалар шығаратын зауыт. Жалпы құны 15 миллион АҚШ долларын (шамамен 7,5 миллиард теңге) құрайтын бұл өндіріс орны – соңғы 30 жылда Жетісайда іске қосылғалы тұрған алғашқы ірі жоба. Оның іске асуы аудан экономикасына елеулі әсер етеді деп күтілуде.

Жетісай аудандық әкімдігінің инвесторлармен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде индустриялық аймақта жалпы құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба орналастырылмақ. Соның ішінде 29,9 миллиард теңгені құрайтын 6 жобаның 2026 жылға дейін іске қосылуы жоспарланған. Олардың қатарында сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру және полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары бар. Бұл кәсіпорындар іске қосылған жағдайда 1 083 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Соңғы жылдары ауданға тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай артып келеді. 2022 жылы 14,9 млрд теңге, 2023 жылы 25,4 млрд теңге, 2024 жылы 43,7 млрд теңге, ал биылғы жылдың алғашқы 8 айында 22,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде соңғы бес жылда аудан экономикасына салынған жалпы инвестиция көлемі 94,5 млрд теңгеге жетті.

Алдағы 2024-2030 жылдар аралығында Жетісай ауданына 419,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл көрсеткіштер ауданның экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететін болады.