Түркістандағы Сауран ауданында өндірістік аймақтар қарқынды дамуда
2025 ж. 07 қазан
514
0
Сауран ауданында шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы тұрақты қарқынмен жүріп жатыр. 2024-2026 жылдары ауданда бірнеше ауыл округтерінде өндірістік аймақтар құрылып, кәсіпкерлік белсенділігі артпақ.
Бірінші кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен 55 гектар жер бөлініп, 5 өндіріс алаңы жасақталды. Бұл аумақтарда 115 цехтың құрылысын жүргізу жоспарланған. Қазірге дейін 60 кәсіпкермен меморандумға қол қойылып, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастаған. Жобаның толық іске асырылуы 30 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1 094 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков өндіріс аймақтарының құрылыс барысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті. Ол Иассы және Қарашық өндіріс алаңдарындағы жұмыстарды көріп, олардың маңыздылығын атап өтті.
«Иассы» өндіріс алаңында 9 гектар жер бөлініп, 24 жоба жүзеге асырылмақ. Қазір 16 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастаған және жобаның іске қосылуы 600-ден астам адамды жұмыспен қамтуға жол ашады. Инвестиция көлемі — 6,3 миллиард теңге.
Қарашық ауылындағы өндіріс алаңында 10 гектар жер бөлініп, 20 жоба жүзеге асады. Бұл жоба 170-ке жуық адамды жұмысқа орналастырады, ал инвестиция көлемі 4,5 миллиард теңгені құрайды.
Сондай-ақ, Жүйнек ауылдық округіндегі «ASIA BREND» және «DIVALUX» жиһаз кәсіпорындарына барылды. «ASIA BREND» жиһаз цехында 30 адам еңбек етеді және жатын, қонақ бөлме жиһаздарын, балаларға арналған жиһаз түрлерін шығарады. «DIVALUX» цехы 2 гектар аумақта орналасқан және 120 адамды жұмыспен қамтиды. Бұл кәсіпорын айына шамамен 500 жиһаз түрін шығарып, шикізаттың бір бөлігін Түркиядан импорттайды. Мамандарды кәсіпорын өзі оқытып дайындайды.
Талғат Қозбеков өндірістік аймақтардың құрылысымен танысып, жобалардың өңір экономикасын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен серпін беретініне сенім білдірді.