ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ҚАРТТАР КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ
2025 ж. 07 қазан
464
0
Бүгін Түркістан қаласында 1 қазан – Халықаралық Қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қоғам қайраткерлері мен зейнеткерлер қатысты. Жиында қарттарға құрмет көрсетіліп, ізгі тілектер арналып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Қала әкімі құттықтау сөзінде қариялардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
– Үлкендеріміз – елдің ақылшысы, рухани тірегі. Сіздердің амандығыңыз, бақытты өмір сүрулеріңіз – біздің басты құндылығымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласында қарттарға жан-жақты қолдау көрсету, әлеуметтік жағдайын жақсарту және өмір сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Бүгінде Түркістан қаласының халық саны 240 мыңнан асса, оның ішінде 17 мыңнан астам зейнеткер және 255 тыл ардагері бар. Олар түрлі қоғамдық ұйымдардың жұмысына белсене араласып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.
Қарттарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 2021 жылы қала әкімдігінің қаулысымен «Әлеуметтік қызметтер орталығы» құрылған болатын. Бұл орталық жыл сайын мыңдаған зейнеткер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетіп, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ал 2022 жылдан бастап қалада «Белсенді ұзақ өмір» орталығы жұмыс істейді. Мұнда жылына шамамен 2000 зейнеткер қамтылады. Сұраныстың артуына байланысты 2023 жылы Сандыбай көшесінде №1 бөлімше, 2024 жылы Б.Саттарханов даңғылында №2 бөлімше ашылып, әрқайсысы жылына 1200-ге жуық қарияға қызмет көрсетуде.
Бұл орталықтарда зейнеткерлер үшін әлеуметтік-медициналық, психологиялық, құқықтық кеңестер, еңбек және демалыс бағытындағы түрлі қызметтер ұсынылады. Сонымен бірге мәдени-рухани іс-шаралар мен үйірмелер ұйымдастырылып, қариялардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалуда. Биылдың өзінде 3244 азамат, оның ішінде 2604 зейнеткер орталық жұмысына белсене қатысқан.
Қарттар күніне арналған кеште ардагерлерге құрмет көрсетіліп, мерекелік дастарқан жайылды. Ән мен күйден шашу шашылып, аға буынның мерейін асыратын концерттік бағдарлама ұсынылды.
Жалпы, Түркістан қаласында қарияларға қамқорлық көрсету дәстүрге айналған. Қалалық әкімдік тарапынан жасалып жатқан жүйелі жұмыстар олардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, қоғамда белсенді әрі бақытты ғұмыр кешуіне мүмкіндік беріп отыр.