ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАРТТАР КҮНІНЕ ОРАЙ «ҚҰРМЕТ» АРДАГЕРЛЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАРТТАР КҮНІНЕ ОРАЙ «ҚҰРМЕТ» АРДАГЕРЛЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ

Әр жылдың 1 қазаны – Халықаралық қарттар күні. Бұл күн қарияларға құрмет көрсетіп, қоғамдағы ерекше орнын дәріптеуге арналған мереке болып саналады. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында да жыл сайын қарттарға арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылып келеді.

Биылғы мерекеде Сайрам ауданының Қарасу ауылында «Құрмет» ардагерлер үйінің ашылу салтанаты өтті. Жаңа ғимарат аға буын өкілдерінің игілігіне беріліп, өңір қарттары үшін қуанышты жаңалық болды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ардагерлерді Қарттар күнімен құттықтады.

Облыс әкімі өз сөзінде үлкендерді құрметтеу – ата-баба дәстүрінен жалғасып келе жатқан асыл қасиет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елдің береке-бірлігін сақтау ісінде аға буынның орны айрықша» деген сөзін мысалға ала отырып, қариялардың ел дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен бірге жаңа ардагерлер орталығының ашылуы қарттарға жасалып жатқан нақты қамқорлықтың айқын көрінісі екенін жеткізді.

Мереке аясында ардагерлерге арналған дастарқан жайылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ, өңір дамуына үлес қосқан бірқатар қарияларға құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.

Жаңа орталықтың жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Мұнда зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Арнайы демалыс алаңдары, бау-бақша жанындағы серуен жолдары, скандинавиялық жүріске арналған жолақтар қарастырылған. Ғимарат бір ауысымда 200-ге жуық адамды қабылдай алады.

Бұған дейін өңір ардагерлері Шымкент қаласында 1976 жылы салынған ескі ғимаратта бас қосып келген еді. Уақыт талабына сай келмегендіктен, жаңа әрі заманауи ғимаратты Түркістан облысына көшіру жөнінде шешім қабылданды.

Айта кетейік, бүгінде облыста 200 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Бұл – өңір халқының шамамен 10 пайызы. Оның ішінде 100 жастан асқан 51 қария бар. Ардагерлерді қолдау мақсатында облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіліп, майдангерлер мен тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Сондай-ақ 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл мекемелерде 10 мыңнан астам қария белсенді түрде демалып, бос уақытын мәнді өткізуде. Жыл сайын облыстық бюджет есебінен 8 мыңға жуық зейнеткер демалыс орындарында денсаулығын нығайтуға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар қарттарға арналған «Қариялар – елдің қазынасы» атты арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, спорт, білім және денсаулық салалары бойынша түрлі шаралар өткізіліп келеді. Мұның барлығы аға буынға құрмет көрсету дәстүрінің берік сақталып, қоғамда лайықты қолдауға ие болып отырғанын көрсетеді.