ТҮРКІСТАНДА ЕЛ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН САҚТАУ МЕН ЭКСТРЕМИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАНДА ЕЛ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН САҚТАУ МЕН ЭКСТРЕМИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл алқалы жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, өңірдегі қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты маңызды мәселелер қаралды.

Отырыста облыстық терроризмге қарсы комиссия мүшелері, құзырлы құқық қорғау органдарының басшылары, тиісті департамент жетекшілері, сондай-ақ аудан мен қала әкімдері қатысты. Жиын барысында күн тәртібінде бірнеше өзекті тақырып көтерілді. Оның ішінде «Оңалту жұмыстарының барысы», «Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу шаралары», «Келес ауданы, Біртілек ауылдық округінің Шұқырсай елді мекеніндегі жағдай» және «2025 жылдың үшінші тоқсанында комиссия қызметі саласындағы орындаушылық тәртіп» мәселелері талқыланды. Әрбір бағыт бойынша баяндамалар жасалып, сын-ескертпелер айтылды.

Мәжіліс соңында облыс әкімі сала басшыларына, сондай-ақ аудан және қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Бұл тапсырмалар халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге, діни радикалдық көзқарастардың алдын алуға және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау ісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталды.

Айта кетерлігі, биылғы жылы облыс әкімінің төрағалығымен терроризмге қарсы комиссияның үш отырысы өткізілген. Сонымен қатар комиссия аппараты жанындағы жұмыс тобы 19 рет мәжіліс өткізіп, нақты шараларды іске асыруға күш салды. Бұған қоса, облыстық деңгейде үш семинар ұйымдастырылып, тұрғындар арасында «Терроризмге жол жоқ!» атты ауқымды акция өткізілген. Мұндай іс-шаралардың барлығы өңір тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруға, жастарды теріс ағымдардан сақтандыруға және қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп отыр.

Жалпы, Түркістан облысында экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты назарда болмақ.