ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ҚАДАҒАЛАНЫП ЖАТЫР
2025 ж. 07 қазан
417
0
Түркістан облысында халықтың тұрмысын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және туризмді өркендету бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Әсіресе Түркістан қаласын бүкіл түркі дүниесінің мәдени және рухани орталығына айналдыру, заманауи технологияларды енгізу арқылы «Ақылды қала» үлгісін қалыптастыру мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында тұр.
Осыған байланысты облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Түркістан қаласында атқарылып жатқан бірқатар жобалардың барысымен танысты. Ол ең алдымен тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған «Ақылды аялдама» және «Көшелерді ақылды жарықтандыру» жобаларының іске асу деңгейін көрді. Жаңашыл аялдамалар жолаушыларға ыңғайлы болмақ: қыстың суық күндері тоңдырмайды, жаздың аптап ыстығынан қорғайды. Сондай-ақ, қоғамдық көліктердің келу уақыты көрсетіліп тұрады. Бұл бастама адамдардың уақытты тиімді пайдалануына мүмкіндік береді. Қазір жобаға жауапты мекемелер мен инвесторлар арасында келіссөздер жүріп жатыр. Ал ақылды жарықтандыру жүйесі энергияны үнемдеуге және қаланың қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізбек, ол бойынша да тиімді ұсыныстар қарастырылуда.
Бұдан бөлек, Еркебұлан Дауылбаев Түркістан қаласында салынып жатқан 5 мың адамға арналған мешіттің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жауапты мердігерлерге сапаны бақылау және жұмысты уақытында аяқтау туралы тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ аппарат басшысы Түркістан қаласы маңындағы Шаға жасанды көлінің жағдайын көрді. Бұл нысан өңір үшін аса маңызды жоба болып табылады. Көлдің жалпы аумағы 81 гектарды құрайды, ал су сыйымдылығы 2,3 миллион текше метрге жетеді. Ұзындығы 6,1 шақырымды құрайтын арналар көктемгі су тасқыны кезінде қалаға келетін қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көлді туристік мақсатта да пайдалану жоспарланған. Мұнда жағажай аймағы жасалып, қажетті инфрақұрылым салынады: автоматтандырылған суару жүйесі, кәріз құбырлары, ұңғымалар мен қызмет көрсету ғимараттары орнатылады. Қазірдің өзінде бірқатар жұмыстар атқарылған, енді қалғанын жүзеге асыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Жоба толық аяқталса, Шаға көлі Түркістанның ең көрікті демалыс орындарының біріне айналмақ.
Жалпы, Түркістан қаласын заманауи әрі жайлы қалаға айналдыруға бағытталған бастамалар тұрақты бақылауда. Жоспарланған жобалар жүзеге асқанда, қала тұрғындар үшін қолайлы, туристер үшін тартымды, ал жалпы өңір үшін жаңа серпін беретін орталыққа айналады.