АЛМАТЫДА 2030 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ ТУБЕРКУЛЁЗДІ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖОЮ ТУРАЛЫ ҚАРАР ҚАБЫЛДАНДЫ

АЛМАТЫДА 2030 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ ТУБЕРКУЛЁЗДІ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖОЮ ТУРАЛЫ ҚАРАР ҚАБЫЛДАНДЫ

 2025 жылдың 2-3 қазанында Алматыда «Туберкулезсіз Орталық Азия: ұлттық жетістіктерден өңірлік көшбасшылыққа» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция және Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы туберкулез бойынша өңірлік парламент саммиті өтті. 

Іс-шараға Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің парламентшілері, денсаулық сақтау саласының басшылары және ДДСҰ, Stop TB Серіктестігі және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшылары жиналды. Қатысушылар БҰҰ-ның туберкулезге қарсы Саяси Декларациясын (2023 ж.) жүзеге асыру барысын, туберкулезбен күрестегі азаматтық қоғамның рөлін және инновацияларды талқылады.

Форум нәтижесінде 2026-2028 жылдарға дейін туберкулезге қарсы күресті жеделдету жөніндегі аймақтық қарар қабылданды. 

«Бүгін қабылданған қарар денсаулықты қорғау, жүйелерді нығайту және адам өмірін сақтап қалатын инновацияларға инвестиция салу бойынша біздің ортақ жауапкершілігімізді көрсетеді. Біз күш біріктіре отырып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің туберкулезді жоюда көшбасшыға айналуын қамтамасыз ете аламыз»,

— деді форумның ашылуында сөйлеген сөзінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан БҰҰ-ның туберкулездің таралуы мен өлім-жітімін азайту жөніндегі мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізді. Саммитке қатысушылар аймақтағы табысты тәжірибені кең таратуға және 2030 жылға қарай бұл ауруды түбегейлі жоюды жеделдету үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.