"Ақ жол" депутаттары Қаржы министрлігінің заңды бұрмалап, жеке кәсіпорындарға зиян келтіретін мемкомпанияларды лоббилегенін әшкереледі

"Ақ жол" депутаттары Қаржы министрлігінің заңды бұрмалап, жеке кәсіпорындарға зиян келтіретін мемкомпанияларды лоббилегенін әшкереледі

ҚР Премьер-Министрі О.Бектеновке

“Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында мемлекеттік сектордың жұмысын сынға алды. Ол экономикадағы мемлекеттік компаниялардың тым көбейіп кеткенін, олардың негізсіз көбеюі жеке кәсіпкерліктің дамуына әлі де кедергі болып отырғанын айтты.

Сондай-ақ Президент 2024 жылғы 8 мамырдағы «Экономиканы либерализациялау шаралары туралы» Жарлығында меншік түріне қарамастан барлық кәсіпкерлерге тең мүмкіндік жасау міндетін қойды. Бұл үшін мемлекеттік сатып алуда «сары беттер» қағидаты енгізілді. Оның мәні – егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінен кемінде екі өтінім түссе, мемлекеттік компаниялардың өтінімдері қабылданбайды. Осы талаптарды орындау мақсатында «Ақ жол» демпартиясы «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңға түзету енгізді. Түзетүге сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдері болған жағдайда, мемлекеттік кәсіпорындар, мекемелер, сондай-ақ  акциялар үлесінің50пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар конкурс рәсімдеріне қатыса алмайды. Веб-портал мұндай квазимемлекеттік ұйымдардың өтінімдерін автоматты түрде қараусыз қалдырады. Бұл түзету Парламент тарапынан қолдау тауып, заңда бекітілді.

 

 Алайда, Қаржы министрлігі 2024 жылғы 9 қазандағы «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында заңға формалды түрде сілтеме жасағанымен, іс жүзінде талапты тарылтып жіберді. Министрлік квазимемлекеттік компанияларға тек тікелей акционерлер арқылы баға беруді енгізді, яғни Үкімет, Мемлекеттік мүлік комитеті, мемлекеттік органдар немесе әкімдіктер ғана есепке алынды. 

Соның салдарынан, «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары  бұл шектеуге іліккен жоқ. Олар тағы да мемлекеттік сатып алуға қатысып, жеке бизнеспен жағаласып отыр.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заң баптарын еске саламыз:


• 1-бапта заңға тәуелді актілер тек жоғары тұрған актілерді орындау үшін ғана қабылданады.


«Ақ жол» демпартиясы Қаржы министрлігі өз іс-әрекеттерімен заң шығарушының еркіне және Мемлекет басшысының нақты тапсырмасына қарсы әрекет етті деп санайды. 

Бұл – «сары беттер» қағидатына тікелей қайшы және Президенттің экономикадағы мемлекеттің үлесін қысқартуға бағытталған саясатын бұрмалау болып табылады. 

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, «Ақ жол» депутаттық фракциясы талап етеді.

Бірінші. 2024 жылғы 9 қазандағы Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға толық сәйкестендіру.

         Екінші. Президенттің 2024 жылғы 8 мамырдағы Жарлығында бекітілген «сары беттер» қағидатын мемлекеттік сатып алуға қатысты барлық құқықтық актілерде толық қолдануды қамтамасыз ету.

Үшінші. Заң нормаларын бұрмалап немесе әлсіретіп жіберетін құқықтық актілерді шығару тәжірибесін тоқтату және оларды заңға сәйкестендіруге қатаң бақылау орнату.

Төртінші. Парламент пен Президенттің еркін бұрмалаған лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне баға беру.  

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының 

депутаттары       

О.Нуралдинов

А.Перуашев

Д.Еспаева  

Е.Барлыбаев 

Қ.Иса

С.Ерубаев