"Ақ жол" өндірушілер Тізілімін енгізуді кейінге шегеріп, Индустриялды сертификаттар қолданысын ұзартуды талап етті

"Ақ жол" өндірушілер Тізілімін енгізуді кейінге шегеріп, Индустриялды сертификаттар қолданысын ұзартуды талап етті

«Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалы

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

О. Бектеновке

«Ақ жол» демократиялық партиясына бірқатар отандық өнеркәсіп өкілдері мен салалық қауымдастықтар отандық тауар өндірушілердің тізілімі төңірегіндегі жағдайға алаңдаушылық білдіріп жүгінді.

Белгілі болғандай, Үкіметтің ұсынысы бойынша «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңда СТ-KZ және Индустриялық сертификаттардың орнына аталған Тізілімді құруды көздейтін нормалар қабылданды.

Көп жағдайда өнімнің нақты өзіндік құнынан тыс шығындар арқылы жасанды түрде қымбаттатылып келген айырмашылықтың орнына жаңа механизм технологиялық операцияларды меңгеруді растауға негізделген. Бұл тәсіл өзінің тиімділігін автокөлік жасау және ауыл шаруашылық машиналарын жасау салаларындағы өнеркәсіптік құрастыру келісімдері аясында дәлелдеді. Депутаттар бұл әдісті кәсіпорындардың құзыретін арттыру мен техникалық жаңғыртуға ықпал ететін жол ретінде қолдады.

Алайда реформаны жүзеге асыру барысы елеулі алаңдаушылық туғызуда.

Мәлім етілген жоспар бойынша Өнеркәсіп министрлігі 2025 жылғы 1 шілдеге дейін Тізілімді қалыптастыру критерийлерін және өтініш берушілерді цифрлық верификациялау тетіктерін әзірлеуі; салалар бойынша технологиялық операциялар тізбесін бекітуі; ақпараттық жүйені тестілеуден өткізуі тиіс болатын.

Келесі кезеңде бизнестен жүйені сынақтан өткізу қорытындылары бойынша кері байланыс алу, қажетті түзетулер енгізу және Тізілімді техникалық тұрғыда іске қосу қарастырылды. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жүйе толық көлемде жұмыс істеп, «Атамекен» ҰКП берген Индустриялық сертификаттар мен СТ-KZ-дің күші жойылуы қажет еді.

Алайда бүгінгі күнге дейін жоспарланған 100 критерийдің 70-тен астамы әзірленбеген, яғни дайындық деңгейі 30%-дан аспайды. Оның ішінде кейбір критерийлер өндірістік сипаттамаларға мүлдем қатысы жоқ, тек салықтық немесе экспорттық көрсеткіштерге сүйенеді. Бұл жағдай көптеген отандық өндірушілерді Тізілімнен тыс қалдырады.

Мысалы, салықтық мониторингте болу талабы жүйені тек ірі компанияларға бағыттайды; сондай-ақ барлық кәсіпорындар өнімін экспорттамайды, бірақ олар да отандық өндірушілер болып табылады.

Технологиялық компаниялар өндірістік желілерге камера орнату талабына қатысты ерекше алаңдаушылық білдіруде. Мұндай шаралар коммерциялық құпия мен технологиялық шешімдерге авторлық құқықты қорғау қағидаттарына қайшы келеді және өнеркәсіптік тыңшылық аймағы ретіндегі еліміздің беделіне қауіп төндіреді.

Сонымен бірге, бұл талап техникалық реттеу саласындағы заңнама нормаларына қайшы: мемлекет өнімді тек оның айналымға шығарылу кезеңінде бақылауға құқылы, ал өндіріс процесіне араласуға болмайды. Әсіресе бейнемониторинг агрессивті технологиялық процестері бар өндірістерде және қорғаныс мақсатындағы өнімдер шығаратын кәсіпорындарда мүлдем орынсыз.

Отандық өнеркәсіпшілер технологиялық операцияларды іріктеу әдістемесіне де күмән келтіруде, сондай-ақ әлі күнге дейін шешімін таппаған басқа да мәселелер бар.

Сонымен қатар заңның күшіне енуіне бір ғана тоқсан уақыт қалды.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық берілген Индустриялық және СТ-KZ сертификаттарының күші жойылады, ал мыңдаған отандық өндірушілер мемлекеттік тапсырыс пен ұлттық компаниялар нарығына қолжетімділіктен айырылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде өндірістік бағдарламалардың орындалмауына, жұмыс орындарының қысқаруына және бюджет түсімдерінің азаюына тікелей қауіп төндіреді.

Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы қажетті деп санайды:

 1. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңдағы Отандық тауар өндірушілер Тізілімін құруға қатысты нормалардың күшіне енуінің өтпелі кезеңін кемінде 2026 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту;

 2. Тізілімді іске асыру жұмыстары барысында Индустрия және құрылыс министрлігін отандық өнеркәсіп мүдделері мен ұсыныстарын барынша ескеруге міндеттеу;

 3. Бұрын берілген Индустриялық сертификаттардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін олардың күшін сақтап қалу;

 4. Сондай-ақ ұзартылған өтпелі кезең аяқталғанға дейін берілген СТ-KZ сертификаттарының да қолданылуын қамтамасыз ету.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары:

А. Перуашев

Д. Еспаева

Қ. Иса

Е. Барлыбаев

С. Ерубаев

О. Нуралдинов