Ұлттық банктің салымшылардың банк құпиясын жария ету жөнінде талабының заңсыздығы туралы

Ұлттық банктің салымшылардың банк құпиясын жария ету жөнінде талабының заңсыздығы туралы

«Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалы

ҚР Премьер-Министрі

О. А. Бектеновке

Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған хабарламаларға сәйкес, азаматтар мен бизнестің банк шоттары, ақша қозғалысы және қалдықтары туралы ақпаратқа мемлекеттік кірістер органдарының толық әрі тұрақты қол жеткізуге мүмкіндік беретін бастаманы Қаржы министрлігі белсенді түрде жылжытуда.

Ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде «Ашық НҚА (нормативтік құқықтық актілер)» порталында «Банк шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері, осы шоттардағы ақшаның қозғалысы мен қалдығы туралы мәліметтердің нысандарын бекіту туралы» Қаржы министрінің бұйрығының жобасы орналастырылған. 

Ол жобаны қабылдау мақсаты, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру және салықтық тәуекелдерді уақтылы анықтау болып айқындалады делінген.

Алайда, бұл хабарламада құжаттың толық мәтіні орналастырылмаған.

Осыған байланысты, «Ақ жол» демократиялық партиясына азаматтар мен кәсіпкерлерден мемлекеттік араласудың мұндай әрекетіне алаңдаушылық білдірген өтініштер келіп түсуде. 

Өйткені, бұл бастама тек Конституция мен заңдарға қайшы келіп қана қоймай, сонымен бірге азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарына тікелей қол сұғушылық болып табылады.

Біріншіден, ҚР Конституциясының 18-бабы, әркімнің жеке өміріне қол сұқпаушылықты және салым құпиясын қамтамасыз етеді. Бұл құқықтар тек заңмен және ерекше жағдайларда ғана шектелуі мүмкін. 

«Жалпы қолжетімділікті» заңнан төмен деңгейдегі актімен заңдастыру әрекеті – Конституцияны айқын бұзу және құқықтық нигилизмнің көрінісі.

Екіншіден, «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабында банктік ақпаратты ашу жағдайлары қатаң регламенттелген. Ал Қаржы министрлігі, заңға тәуелді актімен, заңның өзін жоққа шығаруды ұсынып отыр. 

Осылайша, Қаржы министрлігінің бастамасы заңмен бекітілген банк құпиясына қайшы келіп отыр.

Мұндай әрекет келесідей кері салдарға әкелуі мүмкін:

Бірінші. Ол азаматтардың банк жүйесіне деген сенімнің әлсіреуі және бизнестің жаппай «көлеңкеге» кетуі;

Екінші. Деректерді жымқыру фактілері бұрыннан бар екенін ескерсек, жеке ақпараттың таралуы мен теріс пайдалану қаупінің өсуі;

Үшінші. Құқықтық мемлекет қағидаттарының бұзылуы және азаматтарды жаппай бақылау тетіктерінің қалыптасуы;

Төртінші. Банктік және коммерциялық құпия қорғалмаған ел ешбір инвесторды қызықтырмайтындықтан, инвестициялық климаттың нашарлауы. 

Жоғарыда баяндалғандарға сай, «Ақ жол» ДПК фракциясы келесіні талап етеді:

1) Азаматтар мен бизнес шоттарына қосалқы актілер арқылы мемлекеттік кірістер органдарының қолжетімділігіне жол бермей, бұл мәселе қазіргі уақытта Парламентте қаралып жатқан заң жобасы аясында талқылансын;

2) Банктік ақпаратқа қолжетімділікті беру, ешқандай өзге жолмен емес, тек сот шешімдері немесе құзыретті органдардың дәлелді талаптары негізінде ғана қатаң түрде бекітілсін. 

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары                  

С. Ерубаев

А. Перуашев

Д. Еспаева

Е. Барлыбаев

Қ. Иса

О.Нұралдинов