Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті
2025 ж. 01 қазан
80
0

Елордада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Онда саладағы жетекші халықаралық сарапшылар мен көшбасшылар, мемлекеттік орган, бизнес, ғылым, білім беру салаларының өкілдері қатысты.
Іс-шара «Білім берудегі жасанды интеллект: мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» тақырыбына арналды. Қатысушылар ЖИ енгізуге арналған институционалдық орта, инфрақұрылым құру және цифрлық экономика үшін кадр даярлау мәселелерін талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Отырыстың ашылуында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиынның мән-маңызы ерекше екенін атап өтті. Ол жасанды интеллектіні дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін еместігін еске салды. Мемлекет басшысының сөзінше, цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект егемен ел болудың кепіліне, экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналды.
«Сондықтан біз де осы ахуалға сай алдымызға биік мақсат қойдық. Қазақстан үш жыл ішінде толыққанды цифрлық ел болуы керек. Мен бұл туралы халыққа Жолдауымда жан-жақты тарқатып айттым. Жалпы, елімізде осы бағытта біраз жұмыс істелді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің 92 пайыздан астамы онлайн форматта ұсынылады. Былтыр еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі 85 пайыздан асты. Сондай-ақ биыл алғашқы жарты жыл ішінде Қазақстан азаматтарына 26 миллион цифрлық қызмет көрсетілді. Соның жартысына жуығы смартфон арқылы жасалған. Мұның бәрі де, әрине, жақсы. Дейтұрғанмен жасанды интеллектінің даму жылдамдығы өте тез, қарқыны жоғары. Сондықтан бір орында тоқтап қалмай, бұл іске үнемі жаңа көзқараспен қарау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, біз қазір түбегейлі өзгеріс дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект бүгінде экономиканың, мемлекеттік басқару жүйесінің, ғылымның, ең бастысы, білім беру саласының келешегін айқындауда.
«Біздің ұлт ретінде бәсекеге қабілеттілігіміз және егемендігіміз осы технологияны қалай пайдаланатынымызға қарай анықталады. Жасанды интеллект осы трансформацияның қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл орайда әлемдегі немесе аймақтағы көшбасшылық туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Басты мақсат – Қазақстанды озық, өркениетті елге айналдыру. Көптеген жетекші елдер жасанды интеллектіні XXI ғасырдың стратегиялық ресурсы ретінде мойындады және оны дамытуға қомақты қаржы бөліп отыр. Мысалы, Қытай «ЖИ +» (AI+) атты мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында жасанды интеллект технологиясын экономикаға, ғылымға және әлеуметтік салаға кешенді түрде интеграциялау көзделген. Ал Құрама Штаттар аталған салада дүние жүзі бойынша көш бастауды мақсат тұтады. Соған сәйкес стратегиясын іске асыра бастады. Бұл фактілер әлемде мүлдем жаңа даму парадигмасы қалыптасып жатқанын көрсетеді: жаһандағы технологиялық бәсекенің негізгі факторы – жасанды интеллект. Қазақстан бұл үдерістен тыс қала алмайды. Сол себепті біз барлық саладағы интеграцияны үйлестіру үшін Жасанды интеллект министрлігін құрдық»,– деді Президент.
Отырыс барысында ЖИ саласында еңбек етіп жүрген әлемдік сарапшылар сөз сөйледі.
Омар Әл-Олама, БАӘ-нің жасанды интеллект жөніндегі мемлекеттік министрі, өз елінің ЖИ экожүйесі мен адами капиталды дамыту тәжірибесімен бөлісті. Ол Қазақстан мен БАӘ технологиялық дамуда ортақ болашақты бөлісетінін атап өтті.
Кай-Фу Ли, жасанды интеллект саласындағы ең танымал футурологтардың және инвесторлардың бірі, Sinovation Ventures пен 01.ai компанияларының негізін қалаушы. Өз сөзінде ұлттық үлгілерді іс жүзінде іске асыру және тәуелсіз ЖИ тақырыбын қозғады. Ол Қазақстанның жас мамандарды технологиялық саладағы негізгі лауазымдарға батыл түрде тағайындауына тәнті болды.
«Мен Қазақстанда алғашқы «жалғызмүйіз» мәртебесін алған компаниялардың пайда болып жатқанын көрдім. Сіздерді жарқын болашақ күтіп тұр. Қазіргі таңда ЖИ бұрынғыдан да жылдам дамуда. Мен алғаш рет Қазақстанда жұмыс істеген кезде ЖИ агенттері мұндай мүмкіндіктерге ие болған жоқ. Қазір олар жаңа міндеттерді шешіп, күрделі жұмыстарды атқара алады. Болашақта көптеген мамандықтарды тек адамдар ғана емес, ЖИ агенттері де атқаратын болады. Көптеген үдерістер автоматтандырылады», - деді футуролог.
Ричард Стирлинг, Oxford Insights компаниясының бас директоры, елдердің ЖИ қолдануға дайындық деңгейін анықтайтын халықаралық рейтингтегі білім беру мен адами капиталдың рөлі туралы баяндама жасады. Ол ЖИ құралдарын меңгерген студенттер жылдамырақ үйреніп, материалды жақсы меңгеретіні туралы зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, мықты математикалық базаға ие Қазақстан бұл салада айтарлықтай жетістіктерге жете алады.
«Бұл халықаралық додада өзіңіздің ұтымды тұстарыңызды анықтау маңызды. Қазақстан мұны жақсы түсінеді және мен елдің артықшылықтарын айқындауға көмектесуге дайынмын»,- деді ол.
Өз ұсыныстарын сондай-ақ Haas бизнес мектебінің профессоры, футуролог және геоэкономика мен технологиялар саласындағы сарапшы Олаф Дж. Грот, Тьюринг сыйлығының лауреаты, Корнелл университетінің профессоры Джон Хопкрофт, Сан-Диегодағы Калифорния университетінің ректоры Прадип Кхосла, Polynome Group компаниясының негізін қалаушы Александр Ханин және БҰҰ-ның AI for Good жаһандық бастамасының жетекшісі Эбтесам Әл-Мазруи де білдірді. Ол «Ұлттық тілдік модельдер мен олардың білім мен ғылымдағы рөлі» тақырыбында сөз сөйледі.
Отырыс модераторы - вице-премьер, ЖИ министрі Жаслан Мәдиев - Қазақстанның ұлттық ЖИ экожүйесі: институционалдық орта, инфрақұрылым және адами капитал сынды үш бағытта дамып жатқанын атап өтті.
«Мәжіліс Жасанды интеллект туралы заң жобасын мақұлдады. Ол ЖИ-ні жауапты пайдаланудың құқықтық және этикалық негіздерін қалыптастырады және технологияларды қоғам мен экономиканың барлық салаларында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Біз Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыратын ұлттық стратегияны әзірлеп жатырмыз», - деді министр.
Мәдиев Қазақстанның технологиялық инфрақұрылымды белсенді дамытып жатқанын атап өтті. Шілде айында Орталық Азиядағы ең ірі ұлттық суперкомпьютерлік орталық alem.cloud іске қосылды. Сондай-ақ аймақтағы алғашқы ұлттық тілдік модель KazLLM жасалды. Халықаралық серіктестермен бірлесіп Sherkala және AlemLLM модельдері әзірленді.
Биыл Ұлттық жасанды интеллект платформасы іске қосылды. Ол мәліметт, есептеу ресурстары және тілдік модельдерге қол жеткізуге жағдай жасап, бағдарламалау дағдыларынсыз-ақ ЖИ агенттерін құруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның инновациялық экожүйесінің орталығы Astana Hub бүгінде 1 700 қатысушыны біріктіріп отыр және АҚШ, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, Дубай және Шанхайда кеңселері бар. Ертең Астанада ұлттық ЖИ шешімдерін әзірлеу үшін сарапшыларды, стартаптарды және мемлекеттік органдарды біріктіретін Халықаралық жасанды интеллект орталығы alem.ai таныстырылады.
«Біз бес жыл ішінде 1 миллион адамды ЖИ құралдарын меңгеруге оқытуды мақсат етіп қойдық. Халықтың әр санаты үшін арнайы бағдарламалар әзірленді: мектеп оқушылары мен студенттерге - Tomorrow School және TUMO; мемлекеттік қызметшілерге - AI Qyzmet; кәсіпкерлер мен бизнеске - AI Preneurs және AI Corporate», - деп түйіндеді министр.
Отырыс соңында Президент сарапшылардың ұсыныстары мұқият қаралатынын және алдағы жұмыста пайдаланылатынын атап өтіп, ЖИ дамыту жөніндегі кеңестің келесі отырысын «ЖИ - цифрлық экономиканың қозғаушы күші» тақырыбына арнауды ұсынды.