Түркістанда облыс әкімінің орынбасары тұрғындарды жеке қабылдады
2025 ж. 27 қыркүйек
536
0
Түркістан қаласындағы «Ашық әкімдік» кеңсесінде облыс тұрғындарын жеке қабылдау тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл жолы облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков азаматтарды қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Қабылдау барысында тұрғындар кәсіпкерлікке көрсетілетін қолдау шаралары, теміржол тұйығын салу және заңсыз карьер қазу мәселелерін көтерді. Түркістан тұрғыны индустриалды аймақтағы теміржол тұйығы жайлы мәселе қозғап, бұл бағыттағы жұмыстардың жүріп жатқанын білді. Келес ауданынан келген азаматша кәсіпкерлерге арналған 5 млн теңгелік мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмай жүргенін айтып шағымданды. Оған жақын күндері құжат қабылдау жұмыстары басталып, грант комиссия шешімімен үлестірілетіні түсіндірілді. Ал Сауран ауданының тұрғыны Қарашық өзені бойындағы заңсыз карьер қазу фактісі мен көше жарығына қатысты түйткілдерді жеткізді. Бұл мәселелерді шешу үшін арнайы комиссия құрылып, тиісті шаралар қабылданатын болды.
Әрбір өтінішті жеке қараған Талғат Қозбеков жауапты басқармаларға тұрғындардың сұрақтарын заң аясында шешуді тапсырды. Сондай-ақ, барлық өтініш иесіне нақты жауап беріліп, көтерілген мәселелер тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.