Отырар ауданында су үнемдеу технологиясымен күріш егілді
2025 ж. 27 қыркүйек
528
0
Түркістан облысында су тапшылығын жою мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары кеңінен қолданылып келеді. Елімізде алғаш рет тамшылатып суару әдісі арқылы күріш егу тәжірибесі жүзеге асырылды. Оның бірегей үлгісі Отырар ауданының Қарғалы ауылында қолға алынып, күріш пен мақта шаруашылығы дамытылуда.
Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, «Таймас-2024» ЖШС-нің мақта және күріш алқабындағы жұмыстарымен танысты. Әкім инвесторлармен және алқап иесімен кездесіп, егістік жұмыстарын жандандыруды тапсырды және тың жобаларды қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді.
«Таймас-2024» ЖШС директоры Төлеген Серікбаев облыс әкімдігінің қолдауымен шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, жаңа жобаны жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Жоба құны – 2 млрд теңге, толықтай инвестор қаражаты есебінен қаржыландырылады. Кешеннің жалпы аумағы 5 мың гектарды құрайды: оның ішінде 2300 гектарға мақта, 500 гектарға күріш, 200 гектарға пісте егілген. Алқап жұмыстарына 45 ауыл шаруашылығы техникасы тартылған. Әр гектардан 50 центнерге дейін күріш алу көзделуде. Жоба аясында 25 маусымдық жұмыс орны ашылды. Жаңа әдіс арқылы су бірнеше есе үнемделіп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы өнім көлемін ұлғайту жөнінде бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Биылдың өзінде су үнемдеу технологиялары 59 мың гектар жерге енгізілді, ал бастапқы жоспар 27 мың гектар болатын. 2028 жылға дейін жыл сайын кемінде 27 мың гектарға енгізу көзделсе, мүмкіндігіне қарай бұл көрсеткіш 50 мың гектарға жеткізілмек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін айтарлықтай арттыруға жол ашады.