Түркістан қаласы айналасындағы «Жасыл белдеу» кеңейіп келеді

Түркістан қаласы айналасындағы «Жасыл белдеу» кеңейіп келеді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылы Түркістан қаласының айналасынан «Жасыл белдеу» құрылды. Осы 6 жыл ішінде «Жасыл белдеу» аумағы кеңейіп, жыл сайын тал отырғызылып, орман ағаштары жайқалып, экологиялық ахуалы жақсарып келеді. Осы бағытта облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Қарашық алқабындағы «Жасыл белдеу» жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімінің қолдауымен қазіргі таңда жалпы 29 544 гектар жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылды. Оның 18 071 гектарына әртүрлі жапырақты ағаштар отырғызылған. Атап айтқанда, 8 337 гектарға жапырақты ағаш көшеті, 9 734 гектарға сексеуіл егілген. Биылғы күзде қосымша 900 гектар аумаққа сексеуіл тұқымын себу жұмыстары басталды. Бұл шаралар Түркістан қаласының аумағын қоршаған ортаны ластанудан, топырақ пен жел эрозиясынан сақтауға, экологиялық жағдайды жақсартуға және құстар мен жан-жануарларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Қазіргі таңда мәдени орман екпелерін сумен қамтамасыз ету үшін 240-тан астам ұңғыма қазылған. Жасыл белдеуді қоршау жұмыстары 434 500 метрге жетті. Су тапшылығына байланысты жаңа әуежай жолының бойындағы 252 гектар жер тамшылатып суару жүйесіне қосылды. Қалған учаскелердегі ағаш көшеттердің 63%-ы ұңғымалардан, 25%-ы каналдардан, 12%-ы насостар арқылы суарылуда. Биылғы жаздағы аптап ыстыққа шыдамай қураған көшеттердің орны толтырылуда. Бүгінде жасыл белдеуге отырғызылған ағаштардың 60-65%-ы көгеріп тұр.

Жауаптылардың айтуынша, ағаш отырғызылған жерлердегі топырақтағы қарашірік көлемі 0,7-0,8%-ды ғана құрайды, бұл құнарлылықтың өте төмен деңгейі. Сол себепті минералды және органикалық тыңайтқыштар енгізіліп, ағаштардың өсуі мен өнімділігін арттыруға жағдай жасалуда.

Баспасөз туры аясында Республика күні мен Мемлекеттің егемендігі туралы декларацияның 35 жылдығына арналған іс-шара өтіп, орман шаруашылығы саласына үлес қосқан ардагерлер атқарылып жатқан жұмыстарды аралап көрді.

«Жасыл аймақ» мекемесінде қазіргі таңда 120 гектар орман тұқымбағы бар. Оның 58 гектары тұрақты пайдаланылады. Мұнда 21 түрлі ағаш-бұта көшеті өсірілуде. Заманауи жылыжайда сирек кездесетін сәндік қылқан және жапырақты ағаштар өсіріледі.

Көгалдандыру, ағаш отырғызу және оларды күтіп-баптау жұмыстары облыс әкімінің бақылауында. «Жасыл аймақ» мекемесінде 600-ге жуық қызметкер мен 70-тен астам арнайы техника жұмыс істейді.