Адал еңбек – ел дамуының тірегі
2025 ж. 27 қыркүйек
517
0
Түркістанда Еңбек күніне арналған «Адал азамат – адал еңбек» атты салтанатты іс-шара өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, еңбек адамдарына құрмет көрсетті. Ол өз сөзінде бұл мерекенің елдің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген қарапайым еңбек иелеріне деген шынайы құрмет екенін атап өтіп, облыста биыл 130 мыңнан астам тұрғынды жұмыспен қамту көзделгенін, қазіргі таңда 101 мыңға жуық азаматтың еңбекке тартылғанын, оның ішінде 35 мыңнан астамының жұмысшы мамандық иелері екенін жеткізді. Сондай-ақ ұлттық жобалар арқылы 3156 азаматтың, жеке инвестициялар есебінен 1584 адамның жұмыспен қамтылғанын, «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында 27 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 29 мыңнан астам азаматтың еңбекке орналасқанын, ал жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1788 азаматтың мемлекеттік грант алғанын айтты. Іс-шара барысында «Парыз – 2025» және «Еңбек Жолы – 2025» конкурстарының өңірлік жеңімпаздары марапатталып, олардың қатарында «Казатомпром-SaUran» ЖШС, «М. Юлдашев атындағы спорт мектебі», «KAP Logistics» ЖШС, «Көркем Аймақ» ЖШС және Дербисовтер әулеті, Ғалымжан Байдосов пен Гулайхон Ерманова болды. Сонымен бірге 40-қа жуық жұмыс берушінің қатысуымен өткен «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде» инженерден бастап IT-маманға дейінгі 50-ден астам мамандық бойынша мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Айта кетейік, 2025 жыл өңірде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланып, жыл басынан бері 64 жәрмеңке ұйымдастырылып, 2344 азамат жұмыспен қамтылды, ал сегіз айдың қорытындысымен облыста 100 мыңнан астам адам еңбекке тартылды, сондай-ақ 39 ірі өндіріс орнында өткен ашық есік күндеріне 7 мыңнан астам мектеп оқушысы, 5 мыңға жуық колледж студенті мен 3500 жұмыс іздеуші қатысты.