Түркістанда Қазақстан–Корея әріптестігі жаңа деңгейге шықты
2025 ж. 27 қыркүйек
497
0
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Woosong Education Foundation» білім беру қорының құрметті төрағасы Ким Сонг Кёнгті қабылдап, жаңадан ашылған «Woosong University Kazakhstan» университетінің жұмысын үйлестіру және екіжақты әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады. Облыс әкімі Кореядан арнайы келген делегацияға ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің Жолдауында көтерілген цифрландыру бастамаларын жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Ол IT, жасанды интеллект, жасыл экономика және агроөнеркәсіп бағыттарында бірлескен жобаларды қолға алу қажеттігін атап өтіп, Түркістанда ашылған жаңа университеттің ғылыми әлеуетін өңірдің дамуына бағыттау маңызды екенін жеткізді.
Ким Сонг Кён өз кезегінде Түркістандағы университеттің қос ел арасындағы алтын көпірге айналатынын айтып, қолдау көрсеткен өңір басшылығына алғыс білдірді. Оның айтуынша, оқу орны қысқа мерзімде дайындалып, студенттерді қабылдап үлгерген. Қазірдің өзінде Кореяның жүзге жуық студенті Түркістанда білім алып, тәжірибе алмасуда. Сондай-ақ алмасу бағдарламасы арқылы қазақстандық жастарға Кореяда оқу мүмкіндігі ұсынылады.
Айта кетейік, «Woosong Kazakhstan University» оқу орнының ресми ашылу салтанаты 25 қыркүйекте өтеді.