Түркістанда ішкі нарықты қорғау мәселелері талқыланды

Түркістанда ішкі нарықты қорғау мәселелері талқыланды

Ішкі нарықты қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі. Соңғы уақытта белгіленген талаптарға сай келмейтін импорттық өнімдердің көбеюі алаңдаушылық туғызуда. Осыған байланысты Түркістан облысында тек азық-түлік қана емес, сонымен бірге кабельдік өнімдер, электр аспаптары, құрылыс материалдары секілді өзге де тауарлар бақылауға алынған.

Биыл мемлекеттік бақылаумен 184 субъект қамтылып, 9 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Тексерулердің басым бөлігі профилактикалық сипатта қашықтан жүргізілген. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков төрағалығымен өткен ішкі нарықты арзан әрі сапасыз импорттан қорғау жөніндегі ахуалдық штабтың екінші отырысында айтылды. Жиынға жауапты сала өкілдері мен кедендік-тарифтік реттеу, транзит, декларациялау мәселелерін бақылайтын мемлекеттік органдар қатысты.

Штаб отырысында күн тәртібіндегі 9 мәселе қаралды. Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға бақылауды күшейту, шекара маңындағы өткізу пункттерінде ветеринариялық және фитосанитариялық тексерулерді үздіксіз жүргізу жөнінде тапсырма берді.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің өңірлік департаменті Өзбекстанда өндірілген «CONCH» маркалы цементтің жалған сәйкестік сертификатымен сатылғанын анықтап, Жетісай және Сарыағаш аудандарында тексеру жүргізді. Нәтижесінде екі кәсіпкерге 920 мың теңгеден астам айыппұл салынып, 3577 дана цемент өнімін айналымға шығаруға тыйым салынды. Жалған құжат бойынша тауар жеткізушіге қатысты іс Шымкент полициясында қаралуда.

Сонымен бірге жиында әлеуметтік инфрақұрылымдағы жеделсатылар мен аттракциондардың қауіпсіздігі, табиғи тас пен цемент өнімдерін жеткізу мәселелері сөз болды. Қазақстанның тас өңдеу саласы одағы мен цемент өндірушілер қауымдастығы өкілдері де қауіпті құрылыс өнімдерінен қорғау жайлы баяндады.

Штаб отырысында ұсынылған барлық шешімдер хаттамаға енгізіліп, тиісті мемлекеттік мекемелерге жолданатын болды. Айта кетейік, былтыр тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасын іске асыру жөніндегі жол картасы қабылданған еді.