Түркістан облысында балалардың құқығын қорғау мәселесі талқыланды

Түркістан облысында балалардың құқығын қорғау мәселесі талқыланды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі, доктор Рашед Мустафа Сарвармен және ҚР Ұлттық статистика бюросының өкілдерімен кездесті. Жиында экономикалық өсімді әрбір баланың жарқын болашағын құруға бағыттау жолдары қаралып, балалар мен жастардың жағдайы туралы өзекті деректерге негізделген зерттеу нәтижелері талқыланды.

Облыс әкімі балалардың құқығын қорғау, оларға қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Түркістан облысының халқы 2,2 миллионнан асса, оның 900 мыңнан астамы – балалар мен жасөспірімдер. Табиғи өсімнің жоғары болуы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша талаптар жүктейді. Осыған байланысты өңірде балаларға қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Денсаулық сақтау саласында маңызды жетістіктерге қол жеткізілді. Әкімдік пен ЮНИСЕФ арасындағы бірлескен жұмыс жоспары аясында 1 400 медицина қызметкерін оқытуға қаржы бөлінді. Облыста 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 99,6 пайызды құрайды. Бүгінде 1 116 мектепте 550 мыңнан астам оқушы білім алуда. Соңғы жылдары жаңа мектептер мен балабақшалар салу, инклюзивті білім беруді дамыту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Келешек мектептері» жобасы аясында жалпы 23 мың орындық 29 мектеп бой көтерді. Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне де назар аударылып, «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» ашылды. Сонымен қатар биыл 17 аудан мен қалада «Отбасын қолдау орталықтары» жұмысын бастады.

Кездесу барысында мультииндикаторлы кластерлік зерттеу (МИКС) деректерінің маңызы ерекше атап өтілді. Бұл деректер аймақтағы шешім қабылдау процесінде сенімді негіз болып табылады. Талдауларға сәйкес, Түркістан облысы соңғы жылдары айтарлықтай экономикалық өсім мен әлеуметтік салада елеулі нәтижелер көрсетіп отыр. Соңғы он жылда 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім екі есеге азайған, вакцинация деңгейі республикалық көрсеткіштерден жоғары, ал босанғаннан кейінгі аналар мен нәрестелерге патронаж жасау ел бойынша ең жоғары деңгейде. Ерте жастағы балаларды дамыту индексі де жақсы нәтиже көрсетуде: 2-4 жас аралығындағы балалардың 80 пайызы жасына сәйкес дамып келеді.

Сонымен бірге кездесуде осал топтағы отбасыларды қолдау, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, білім сапасын арттыру және ата-аналардың бала тәрбиесіне белсенді қатысуын күшейту қажеттігі айтылды.

Кездесу соңында доктор Рашед Мустафа Сарвар Түркістанға алғаш рет келгенін айтып, өңірдің даму қарқынына оң бағасын берді. Ол Түркістан облысын зор жетістіктерге қол жеткізген және әлеуеті зор аймақ ретінде көретінін атап өтті. Сондай-ақ ЮНИСЕФ өңірдегі адами капиталды дамыту бағытындағы жұмыстарға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Тараптар әріптестікті нығайтып, бірлескен бағдарламаларды іске асыруға уағдаласты. Бұл бастамалар Түркістан облысындағы балалар үшін қауіпсіз, салауатты және қолайлы орта құруға бағытталмақ.