Түркістан облысы мен Хубэй провинциясының арасындағы ынтымақтастық нығая түсті

Түркістан облысы мен Хубэй провинциясының арасындағы ынтымақтастық нығая түсті

Түркістан облысы мен Қытайдың Хубэй провинциясы арасындағы өңіраралық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Хубэй провинциясы Халық Үкіметі төрағасының орынбасары Ма Гоцян бастаған ресми делегацияны қабылдап, келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жаңа жобаларды талқылады. Кездесу нәтижесінде Өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Бұл құжат екі өңір арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстарды дамытуға арналған нақты іс-шараларды қамтиды.

Жол картасы Түркістан облысының халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті өңірлік деңгейде тереңдетуге жол ашады. Құжат Түркістан облысына инвестиция тартуға, жаңа технологияларды енгізуге, халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және экономиканың серпінді дамуына ықпал етпек. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісім жасалды.

Сондай-ақ Түркістан облысы әкімдігі мен ҚХР-дың Хубэй провинциясындағы Ухань қалалық политехникалық колледжі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат тараптар арасындағы достық пен серіктестікті нығайтып, білім беру мен ғылыми-зерттеу салаларында бірлескен бастамаларды дамытуға бағытталған.

Айта кетейік, 2024 жылы Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылған болатын. Қазан айында Түркістанда өткен Халықаралық инвестициялық форумға Хубэй делегациясы мен 100-ден астам шетелдік компания қатысты. Ал маусым айында Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында екі өңір арасындағы бауырластық келісім ресми түрде бекітілді.

Кездесуде облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет басшылары арасындағы сенімді диалог пен тығыз әріптестік екі ел қарым-қатынастарының барлық салада дамуына ықпал етіп отыр. Әкім Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтіп, өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажеттігін айтты.

Өз кезегінде Хубэй провинциясы Халық Үкіметі төрағасының орынбасары Ма Гоцян Түркістан өңірінің әлеуетін жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Алдағы уақытта екі өңір арасындағы байланыстар сауда-экономика, мәдениет, білім беру, ауыл шаруашылығы және жасыл технологиялар салаларында қарқынды дамитын болады.

Түркістан мен Хубэй арасындағы әріптестік экспорттық әлеуетті арттырып, халықаралық сауда арналарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Хубэй провинциясы – Қытайдың ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында жетекші өңірлерінің бірі. Өткен жылы оның жалпы ішкі өнімі 840 миллиард АҚШ долларын құраса, халық саны 60 миллионнан асты. Өнеркәсіп саласында автомобиль жасау, металлургия, химия, фармацевтика, телекоммуникация және құрылыс материалдары өндірісі дамыған. Жалпы энергияның 64 пайызы экологиялық таза көздерден өндіріледі. Әлемге танымал «Үш шатқал» су электр станциясы да осы аймақта орналасқан.

Хубэйдің негізгі серіктестері – Еуропалық Одақ, АҚШ және Жапония. Оның әкімшілік орталығы саналатын Ухань қаласы Еуразия кеңістігіндегі ірі көлік-логистикалық орталықтардың бірі. Мұнда ракеталық және жолаушылар автобустарын шығаратын зауыттар, ракеталық қозғалтқыштар академиясы, әскери кеме жабдықтары мен ғарыштық техника өндіретін кәсіпорындар орналасқан.