Түркістан облысында 100 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды
2025 ж. 24 қыркүйек
554
0
Түркістан облысында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және азаматтарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. 2025 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 769 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Осы жылдың сегіз айының қорытындысымен 100 807 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 59 925-і тұрақты, 40 882-сі уақытша жұмыс орындары болып табылады. Жоспардың орындалу көрсеткіші 114,5 пайызды құрады.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жауапты тұлғаларға Президент тапсырмаларын сапалы орындау, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту және еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандар даярлау қажеттігі жүктелді. Ол жұмысты жанашырлықпен атқармаған жағдайда нәтижесіз болатынын атап өтіп, немқұрайлы қараған тұлғалардың жауапкершілігі қаралатынын ескертті.
Ұлттық жобалар аясында бүгінде 297 жоба жүзеге асырылып, 3 156 азамат жұмыспен қамтылды. Жеке инвестиция тарту арқылы 103 жоба іске қосылып, 1 584 жаңа жұмыс орны ашылды. «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы бойынша биыл 22 595 жұмыс орнын құру көзделсе, қазіргі уақытта 27 617 жұмыс орны ашылды.
Өңірлік жұмыспен қамту картасын жүзеге асыру нәтижесінде 59 925 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 27 099 азамат тартылды. Сонымен бірге жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 1 788 азамат мемлекеттік грант иегері атанды. Бұдан бөлек, пробация есебіндегі 158 адам, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған 10 азамат, бес тұл жетім және 146 мүгедектігі бар азамат еңбекке тартылды.
Облыс көлемінде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен «Ашық есік» күндері тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері 64 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, оған 1 257 жұмыс беруші қатысты. Нәтижесінде 2 344 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 1 611 адам жұмысшы мамандықтары бойынша еңбекке тартылды.
Жиын барысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жыл соңына дейін атқарылатын шаралар туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нүрпейісов баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл облыста жаңа алты мамандық ашылды. Өңірге қажетті мамандықтарды талдау жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы уақытта радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, логистика, иіру және түту өндірісі технологиясы, жылжымайтын мүлікті басқару, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану, темір-бетон және металл бұйымдарын өндіру мамандықтарын ашу жоспарланып отыр.