«Таза бейсенбі»: «AMANAT» партиясының мүшелері экологиялық мәдениетті нығайту жұмысын жалғастыруда
2025 ж. 18 қыркүйек
40
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоғамда тазалықты сақтау және табиғатты аялау мәдениеті орнығуға тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте, жүздеген мың қазақстандықты ортақ іс төңірегінде топтастыратын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы ерекше маңызға ие. Оның аясында «AMANAT» партиясы апта сайын ел аумағында игі дәстүрге айналған «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп келеді.
Мәселен, Жезқазған қаласында «Kazakhmys» корпорациясы жанындағы бастауыш партия ұйымының мүшелері Кеңгір су қоймасының жағалауын қоқыстан тазартты. Былтырдың өзінде партияластардың күшімен өңірде 1,5 мың тоннадан астам қоқыс жиналды. Ал бүгін акцияға қатысушылар 20 қаптан астам қоқыс шығарды.
«Кеңгір су қоймасы – өңір тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны. Бүгінде тазалық мәдениеті нығайып келе жатқанын көріп отырмыз: қоқыс азайып, адамдардың жауапкершілігі артып келеді», – деді «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков.
Елордада «Таза бейсенбі» акциясына 40 адам қатысты. Олардың арасында партия мүшелері, «Жастар Рухының» белсенділері және қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын астаналықтар болды. Олар мамандандырылған балалар үйінің айналасын ретке келтірді, қураған жапырақтарды тазалады, аязға осал өсімдіктерді орады.
Жамбыл облысында акцияға жүзден астам адам атсалысты. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, партия мүшелері және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері болды. Олар Байзақ ауданын қоқыстан тазалады. Яғни, «Байзақ ауданына 80 жыл» саябағын және Сарыкемер, Түймекент ауылдары арасындағы автожол бойын тұрмыстық қалдықтардан тазартты.
Жетісу облысында партия мүшелері Қарабұлақ ауылы маңындағы «Өмірбұлақ» ескерткішін ретке келтірді. Жалпы алғанда, іргелес аумақта шамамен 2 тонна қоқыс жиналды.
«Таза бейсенбі» – тазалық сақтау ғана емес, сонымен қатар экологиялық тәрбиенің маңызды құралы. Мұндай бастамалар қоғамның табиғатқа деген көзқарасын өзгертеді және болашақ ұрпаққа таза қоршаған ортаны аманат ретінде қалдыру идеясын орнықтырады», – деді «AMANAT» партиясы Ескелді аудандық филиалының төрағасы Азамат Саскебаев.
Атырау облысында «Таза бейсенбі» акциясы Құрманғазы ауылында қолға алынды. Акцияға қатысушы 30-дан астам азамат жергілікті демалыс орнын және партия филиалының ғимаратына іргелес аумақты абаттандырды. Жыл басынан бері ауданда акция 19 рет өткізіліп, оған мыңнан астам тұрғын қатысты. Нәтижесінде 10 тоннадан астам қоқыс жиналып, 500-ге жуық көшет отырғызылды.
Жалпы, «Таза бейсенбі» акциясы еліміздің өзге өңірлерінде де өткізілді. Былтыр маусым айында бастау алған акция аясында 1000-нан астам ластанған учаске тазаланып, абаттандырылды. Жалпы акцияға 90 мыңға жуық адам қатысып, 160 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.