Түркістан облысы мен Франция арасындағы әріптестік жаңа деңгейге көтерілуде

Түркістан облысы мен Франция арасындағы әріптестік жаңа деңгейге көтерілуде

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Францияның «Orano» компаниялар тобының басшысы Николя Маспен маңызды кездесу өткізді. Облысқа жұмыс сапарымен келген делегация құрамында француз тарапынан бірқатар басшылар мен мамандар болды. Бұл жүздесу екіжақты іскерлік байланыстарды кеңейтуге және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Кездесу барысында өңір басшысы Түркістан облысының экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталып, шетелдік инвесторлар үшін жасалып жатқан қолайлы жағдайлар туралы баяндады. Әсіресе, уран өндіру саласында халықаралық серіктестікті дамытуға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Бұл бағыттағы бірлескен жобалар аймақ экономикасын нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік дамуға серпін беретіні сөз болды.

Сапар аясында Николя Мас Созақ ауданында табиғи уран өндіретін «Қазақстандық-Француздық бірлескен кәсіпорын «КАТКО» ЖШС-ның жаңа басшысы Закариа Эл Марзукиді таныстырды. Өз кезегінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа басшыны құттықтап, оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді атсалысатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға бағытталған жаңа әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Әкім өз сөзінде 2022 жылдың қаңтарынан бері КАТКО компаниясын басқарған Бастьен Паскальдың еңбегін ерекше атап өтіп, оның кәсіби тәжірибесі мен жауапкершілігін жоғары бағалады. Аймақ басшысы атқарған қызметі үшін алғыс айтып, жаңа жұмыс орнында толағай табыстар тіледі. Енді Бастьен Паскаль 2025 жылдың қыркүйегінен бастап «Orano Canada Inc.» компаниясының бас директоры қызметін атқаратын болады.

Осылайша, Түркістан облысы мен Франция арасындағы ынтымақтастық жаңа серпін алып, бірлескен жобалар арқылы өңірдің дамуына тың мүмкіндіктер ашылуда.