Түркістанда Қазақ–Қытай өнеркәсіптік паркі құрылуда

Түркістанда Қазақ–Қытай өнеркәсіптік паркі құрылуда

2025 жылғы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында өңірлерде инвестициялық жобаларды дамыту, халықаралық әріптестікті нығайту, цифрландыру мен инновациялық өндірістерге қолдау көрсету негізгі басымдық ретінде белгіленген. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай Халық Республикасының инвесторлары, сондай-ақ Вэньчжоу қаласының Сауда департаментінің басшысы Юй Лицин бастаған ресми делегация арасында B2G форматында кездесу өтті.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту және жаңа жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып:

– Қазақ-қытай қатынастары стратегиялық серіктестік пен мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісіне айналды. Бүгін біз Қазақ–Қытай өнеркәсіптік паркі құрылысының іргетасын қалап отырмыз. Бұл – екі елдің дамуына қосылатын зор үлес, – деді.

Шетелдік компаниялар күн энергиясы, электр жабдықтары, құбыр арматурасы, пластмасса бұйымдары, цифрлық технологиялар, «Ақылды үй» жүйелері, күн панельдері және олардың компоненттерін өндіру бағытындағы жобаларын таныстырды. Сонымен қатар инфрақұрылымдық нысандар – аурухана, мектеп, әуежай құрылысы, цифрлық маркетинг пен экологиялық туризм саласындағы жобалар талқыланды.

Бүгінде Қытай Халық Республикасы Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар бойынша ТОП–5 елдің қатарында. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 31,1 млрд АҚШ долларын құраса, Түркістан облысы бойынша өзара айналым көлемі 296 млн долларға жетті.

Облыста жалпы аумағы 2397 гектарды құрайтын 20 индустриялық аймақ пен 4000 гектарлық «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Сонымен бірге «Шағын өнеркәсіптік парктер» құрылуда. Өңір экономикасының негізгі драйвері ауыл шаруашылығы болып табылады. 2024 жылы оның жалпы көлемі 2,1 млрд долларды құрады. Өнеркәсіп өндірісінің 44%-ын өңдеу өнеркәсібі иеленіп, Түркістан мақта өңдеу бойынша елімізде 1-орынға, тоқыма және трансформатор өндірісі бойынша 2-орынға шықты.