"Ақ жол" демпартиясы салықтық тәуекелдердің құпия критерийлерін жоюды талап етеді

"Ақ жол" демпартиясы салықтық тәуекелдердің құпия критерийлерін жоюды талап етеді

ҚР Премьер-министрі

О. Бектеновке

Президент Қ.Тоқаев биылғы жылдың 8 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлік мәселелеріне жеке тарау арнады.

Мемлекет басшысы салықтық әкімшілендіру саласындағы жағдайды шұғыл өзгерту қажеттігін, Мемлекеттік кірістер комитеті жасанды интеллект әлеуетін салық төлеушілердің мүддесі, мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынастың түбегейлі жаңа, сервистік үлгісі үшін пайдалануға міндетті екендігін ерекше атап өтті.

Одан бөлек: "Міндетті талаптар тізілімі бизнесті шектен тыс тексерулерден қорғаудың маңызды құралына айналуы керек. Кәсіпкерлік кодекске сәйкестікке нормаларды қайта қарау арқылы оны толық енгізуді жеделдету қажет", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы салықтық әкімшілендірудің негізгі бөлігі болып табылатын Тәуекелдерді басқару жүйесінің (ТБЖ) құпия критерийлері мәселесін тағы да еске салуға мәжбүр.

Мәселе салық органдары салық төлеушілер мониторингін жүргізу құқығын толық иемденіп алып, сол арқылы кәсіпкерлерге бақылау шараларын тағайындауға, қаржылық санкцияларды қолдануға, олардың мемлекеттік сатып алулар, квазимемлекеттік сектор не басқа контр-серіктестерге қатысты қызметіне шектеу қоюға болатын талаптарды жасыра алады.

Бұл ретте, Президент барлық бақылау талаптарын сәйкестендіруді талап етіп отырған Кәсіпкерлік кодексі 14-бапта Кәсіпкерлердің адалдық презумпциясы қағидатын тікелей белгілейді, оның 3) тармағына сәйкес: «Мемлекеттік реттеу процесінде... кәсіпкерлік субъектілер өз міндеттерін орындаған кезде, олардың іс-әрекеттерінің адалдығы қарастырылады...

Заңнаманың барлық түсініксіз тұстары кәсіпкерлік субъектісінің пайдасына шешіледі».

Осы нормаларды негізге ала отырып, «Ақ жол» фракциясы жаңа Салық кодексінің жобасын талқылау кезінде ұсыныс енгізіп, жұмыс тобы мен Мәжілістің жалпы отырысы салық салудың «айқындылығы» қағидатын енгізу жөніндегі біздің түзетуімізді қабылдады. Енді жаңа Кодекстің 28-бабына сәйкес салық салу барлық салық төлеушілер үшін ақпараттың ашықтығына, анықтығына және қолжетімділігіне негізделуі тиіс.

Дегенмен, әзірлеушілер біздің басқа ұсыныстарымызды қабылдамай, оның үстіне салық тәуекелдерінің жабық критерийлерін сақтап қалды. Мәселен, жаңа Салық кодексінің 93-бабының 3-тармағында бекітілген ашықтық қағидатына қайшы түрде былай делінген: «Салық тәуекелін басқару кезінде алынған барлық ақпарат құпия болып табылады және аталған ақпаратты салық төлеушілерге беруге тыйым салынады».

Яғни, салық төлеуші білуге тыйым салынған талаптарды орындауға міндетті, ол аздай оны сотта да даулай алмайды, себебі, өзін не үшін айыптап жатқанын білуге құқығы жоқ!

Бұл кәсіпкерлерді лауазымды тұлғалардың құпия шешімдерінің тұтқынына айналдырады, алайда, Кәсіпкерлік кодексінің 14-бабының 4-тармағында "Кәсіпкерлік субъектісі жасаған бұзушылық... тексерулер кезінде сипатталуы тиіс. Заң бұзушылық фактісін көрсететін дәлелдерді негіздеу және мән-жайларды ашу мемлекеттік органдарға жүктеледі" деп көрсетілген.

Сонымен қатар, Республика Конституциясының 18-бабының 3-тармағында әркімнің өз мүдделерін қозғайтын құжаттармен және шешімдермен танысу құқығына кепілдік берілген;

Конституциядан бөлек, салық тәуекелдері жүйесінің құпиялылығы да Мемлекет басшысының 8 қыркүйектегі Жолдауында «Жаңа Салық кодексі салық төлеушілердің адалдық пен ашықтыққа негізделген жаңа менталитетін қалыптастыруға тиіс» деп атап көрсеткен талаптарына қайшы келеді.

Бірақ ашықтық – екі жақтың да ашықтығын білдіруі керек; мемлекеттік орган өз жұмысын тасалап, талаптарын жасырса, бизнес қалай жұмыс істей алады?

Мұның барлығы - салықтық әкімшілендірудің Кәсіпкерлік кодекске сәйкес келмеуінің тек бір ғана мысалы.

Басқа дәлелдермен қатар, салық тәуекелдерінің құпиялылығын сақтау «Ақ жол» фракциясының жаңа Салық кодексіне қарсы дауыс беруінің маңызды себептерінің бірі болды.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, сондай-ақ Президенттің биылғы жылдың 8 қыркүйегіндегі Жолдауында берген тапсырмаларын орындау аясында «Ақ жол» депутаттық фракциясы жаңа Салық кодексі күшіне енгенге дейін келесі шұғыл талаптарды қояды:

1) Салықтық тәуекелдерді басқару кезінде құпия критерийлерді көздейтін ҚР жаңа Салық кодексінің 93-бабының 3-тармағын және өзге нормаларды жою;

2) Бизнеске қойылатын талаптарды Кәсіпкерлік кодексіне сәйкестендіру жұмыстарын дәл осы Салық кодексінен бастау.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

А. Перуашев

Д. Еспаева

Е. Барлыбаев

Қ. Иса

С. Ерубаев

О. Нуралдинов