Түркістан облысында мол өнім жиналуда

Түркістан облысында мол өнім жиналуда

Түркістан облысында вегетация кезеңі аяқталып келеді. Өңірдегі шаруа қожалықтары егістік алқаптарын уақытылы суармалы сумен қамтамасыз еткені үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне ризашылығын білдіруде. Шаруалардың айтуынша, биыл су жеткізу жұмыстары дер кезінде ұйымдастырылып, ағын су әділ бөлінді.

Қазіргі таңда Ордабасы, Сауран және Отырар аудандарындағы мақта алқаптарын суару толық аяқталды. Ал Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарында да суару жұмыстары соңына жетіп келеді. Министрлік мәліметіне сәйкес, биылғы вегетация кезеңінде арнайы жұмыс топтары құрылып, оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайы тұрақты бақылауда ұсталды. Мамандар каналдар арқылы су беру кестесін бекітіп, кезекпен жеткізілуін қадағалады. Сонымен қатар заңсыз су алу деректерінің алдын алу мақсатында тексерулер жүргізілді.

Шаруалар да биылғы маусымдағы жағдайға оң бағасын беріп отыр.

Ордабасы ауданындағы шаруа Қалмырза Бейсенбаев:

– Биыл аптап ыстыққа байланысты жұмысты ертерек бастадық. Шілденің 1-інен бастап су алдық. Біздің 22-ші каналда 4200 гектарға жуық жер бар. Соның 3100 гектары мақта. Егістікті уақытылы суардық. Суға қатысты жұмысқа атсалысқан барлық азаматқа рақмет, соның ішінде Су ресурстары және ирригация министрлігіне ерекше алғыс білдіремін, – деді.

Жетісай ауданындағы «Агро-Бірлестік» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі Төрехан Дүйсенбиев суару сапасының жақсарғанын атап өтті:

– Бұрын бұл жерлерде егістікті сорғымен суару қажет болатын. Биыл министрлік мамандары қабылдаған шаралардың арқасында су өз ағынымен жеткізіліп жатыр. Бұл біз үшін үлкен көмек, – деді ол.

Шардаралық шаруа Хахрамон Жұмаев та мол өнім алудың сырын түсіндірді:

– Биыл өнім мол. «Қазсушардың» уақытылы су жеткізгенінің арқасында ешқандай қиындық болған жоқ. Су мен техника жағынан да мәселе туындамады. Тіпті жазда температура 50 градусқа жетсе де, мол өнім жинадық, – деді ол.

Айта кетейік, биылғы өнімнің молшылығын астаналық тұрғындар да көріп отыр. Жақында өткен Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне Түркістан облысының шаруалары 600 тоннадан астам өнім жеткізді. Бұл көрсеткіш өңір диқандарының еңбегінің нәтижесін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.