Түркістан облысында ірі жылыжай кешені салынуда

Түркістан облысында ірі жылыжай кешені салынуда

Түркістан облысы еліміздің агроөнеркәсіп саласында көш бастап тұрған аймақтардың бірі екені белгілі. Соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынып, елді мекендерде жаңа өндіріс ошақтары ашылып келеді. Солардың бірі – Ордабасы ауданының Шұбарсу елді мекенінде бой көтеріп жатқан заманауи жылыжай кешені. Жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған жылыжай кешенінің құрылысымен арнайы танысып, нысан басында жауапты тұлғалармен кездесті. Аймақ басшысы жобаның ауыл тұрғындары үшін ерекше маңыздылығын атап өтіп:

– Жылыжай шаруашылығы – экономикалық тұрғыдан тиімді әрі табысты сала. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып қана қоймай, облыс экономикасына да серпін береді. Біз кәсіп бастаймын деген азаматтарды барынша қолдауға дайынбыз, – деді Н.Көшеров.

Жалпы құны 250 миллион теңгені құрайтын жоба 7,5 гектар аумақта жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда 0,18 гектарға қияр дақылы отырғызылып, алғашқы агротехникалық жұмыстар басталып кетті. Алдағы уақытта кешенде қызанақ пен қияр өсіріліп, өнімдер ішкі нарыққа жеткізілмек. Бұл өз кезегінде жергілікті базарлар мен сауда орындарын отандық өнімдермен қамтуға мүмкіндік береді.

Жобаға қызығушылық танытқан 30 азамат «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қолдау тапты. Оның ішінде 20 тұрғынға жалпы сомасы 167 миллион теңгенің несиесі рәсімделді. Бұл ауыл халқы үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға жол ашады.

Қазіргі таңда 42 учаскеге бөлінген жылыжай кешенінің 17-сінде құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Оның ішінде 3 учаске қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып, іске қосуға дайын тұр. Жобаның толық жүзеге асуы ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттырып, өңірлік экономиканы әртараптандыруға серпін бермек.

Бұл бастама – «Ауыл аманаты» бағдарламасының нақты нәтижесі. Бағдарлама ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, жергілікті өндірісті дамыту және ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталған. Алдағы уақытта да Түркістан облысында осындай әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары жобалар жалғасын таппақ.