Түркістанда инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асуда
2025 ж. 10 қыркүйек
53
0

Түркістан қаласында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстармен қатар, инфрақұрылым жүйесін дамыту ісі жүйелі түрде жалғасып келеді. Қалада жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің қатары артып, туризм саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бұл бағыттағы құрылыс барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында.
Осы мақсатта Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев облыс орталығында атқарылып жатқан әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлер мен жолдардың құрылыс жұмыстарын тексеріп, мердігер ұйымдардың жұмысымен танысты. Ол жауапты компания өкілдеріне құрылыс сапасына баса мән беріп, жұмысты мерзімінде аяқтауды міндеттеді.
Алдымен, аппарат басшысы «Жаңа қала» мөлтек ауданындағы №32 көшенің құрылыс алаңына барды. Мұнда асфальттау, бетондау, жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру жұмыстары 95 пайызға орындалған. Аталған нысанның құрылыс жұмыстарын «Қаратас Майнинг» ЖШС жүргізуде. Сондай-ақ, №36 көшедегі жарықтандыру мен жол салу жұмыстары да назарға алынды.
Келесі кезекте, №2 Әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңына барып, мердігерлермен кездесті. Қазіргі таңда мұнда инженерлік инфрақұрылым тарту, ішкі әрлеу, төмен жиілікті байланыс желілерін орнату, ауа тазарту және желдету жүйесін жүргізу, сыртқы инженерлік желілерді қосу, аумақты абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанның құрылысын «Ернур «Строй и К» ЖШС атқаруда. Жұмысқа 6 техника мен 79 құрылысшы жұмылдырылған. Ғимаратты биылғы қараша айында пайдалануға беру жоспарланған.
Сапар барысында Еркебұлан Дауылбаев «Әкімшілік-іскерлік орталығында» бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Тұрғын үйлердің сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін, сондай-ақ аумақты абаттандыру шараларын бақылап шықты. Сонымен қатар Яссы көшесіндегі абаттандыру жұмыстарын пысықтап, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан бөлек, аппарат басшысы қаладағы көпфункционалды атшабар кешенінің құрылыс алаңында болды. Жалпы аумағы 99,3 гектарды қамтитын заманауи кешенде 1 500 орындық трибуна, 10 жылқыға арналған қысқы және 50 жылқыға арналған жазғы қора, 2,5 шақырымдық атшабыс алаңы, көкпар алаңы, конкур алаңы қарастырылған. Қазіргі таңда ішкі инженерлік желілер тартылып, сыртқы және ішкі әрлеу, терезе орнату, шатыр жабу, жер тегістеу, дренаж төсеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 43 техника мен 174 жұмысшы жұмылдырылған. Нысанды осы жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Құрылыс барысын тексеру кезінде Еркебұлан Дауылбаев бірқатар анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт беріп, «сақалды құрылысқа» жол берілмейтінін қатаң ескертті. Сондай-ақ жұмыс күшін арттыруды міндеттеп, сапаға басымдық беруді тапсырды.
Жалпы, Түркістан қаласында қолға алынған барлық әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың сапасы мен мерзімі облыс басшылығының қатаң бақылауында болмақ.