Түркістан қаласында инфрақұрылым саласындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде

Түркістан қаласында инфрақұрылым саласындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде

Түркістан қаласында тұрғындарды баспанамен қамтуға бағытталған жұмыстармен қатар, қала инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілуде. Соңғы жылдары көпқабатты тұрғын үйлердің қатары артып, әлеуметтік нысандар салу ісі жүйелі түрде жалғасуда. Сонымен бірге туризм саласын өркендетуге арналған ауқымды жобалар да кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Бұл бағыттағы құрылыс барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында тұр.

Осы орайда, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев облыс орталығында атқарылып жатқан құрылыс және инфрақұрылымдық жұмыстарды пысықтау мақсатында арнайы жұмыс сапарымен бірқатар нысандарды аралады. Тексеру барысында ол әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің және жаңадан салынып жатқан жолдардың құрылыс барысымен танысып, мердігер мекемелердің жұмысымен жүздесті. Әкімшілік өкілі жауапты тұлғаларға сапаны арттыруды және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды міндеттеді.

Алдымен «Жаңа қала» мөлтек ауданындағы №32 көшенің құрылыс алаңында болған аппарат басшысы асфальттау, бетондау, жаяу жүргіншілер жолын салу және жарықтандыру жұмыстарының барысын бақылады. Бүгінде жұмыстардың 95 пайызы аяқталған. Жобаны «Қаратас Майнинг» ЖШС жүзеге асыруда. Сондай-ақ №36 көшенің құрылыс барысы да назардан тыс қалмады.

Келесі нысан – облыс орталығындағы №2 Әкімшілік ғимараты. Мұнда инженерлік инфрақұрылым жүргізу, ішкі әрлеу, байланыс желілерін тарту, желдеткіш жүйесін орнату, сыртқы инженерлік желілерді тарту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылысқа «Ернур «Строй и К» ЖШС жауапты. Қазіргі таңда алаңда 6 техника мен 79 жұмысшы жұмылдырылған. Нысанды 2025 жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар «Әкімшілік-іскерлік орталығы» аумағында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болып, сапалы инфрақұрылыммен қамту шараларын тексерді. Еркебұлан Дауылбаев тұрғын үй аумағын абаттандыру ісіне де ерекше көңіл бөлді. Бұдан бөлек Яссы көшесіндегі абаттандыру жұмыстары да қайта пысықталды.

Көпфункционалды атшабар:

Аралау жұмыстары қала аумағындағы көпфункционалды атшабар кешенінде жалғасты. 99,3 гектар аумақта орналасқан бұл заманауи нысанның құрамында 1 500 орындық трибуна, қысқы және жазғы қоралар, атжарыс алаңы, көкпар алаңы және конкур алаңы бар. Қазіргі таңда мұнда ішкі инженерлік желілер тарту, сыртқы және ішкі әрлеу, терезе орнату, шатыр жабу, жер тегістеу және дренаж төсеу жұмыстары атқарылуда. Құрылысты 43 техника мен 174 жұмысшы жүргізіп жатыр. Нысанды биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарланған.

Бақылау барысында Еркебұлан Дауылбаев анықталған кемшіліктерді жою үшін мердігерлерге уақыт берді. Ол «сақалды құрылысқа» жол берілмейтінін ескертіп, жұмысты кешіктірген компанияларға шара қолдану керектігін айтты. Сонымен қатар жұмысшы санын көбейтуді міндеттеп, сапа мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды.

Облыс әкімдігі Түркістан қаласындағы және жалпы өңір аумағындағы құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімін алдағы уақытта да қатаң қадағалайтынын мәлімдеді.