Ордабасыда Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешені ашылды

Ордабасыда Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешені ашылды

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы Темірлан елді мекенінде Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешені пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, даңқты балуанның ұрпақтары және аудан тұрғындары қатысты.

Облыс басшысы тұрғындардың қуанышын бөлісіп, көпшілікті маңызды нысанның ашылуымен құттықтады.

– Бүгін біз киелі Ордабасы ауданындағы заманауи спорт кешенінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Салауатты өмір салтын насихаттау, мәдениет пен туризмді дамыту және тұрғындардың спортпен айналысуына жағдай жасау — Мемлекет басшысы баса назар аударған ұлттық басымдықтардың бірі. Бұл бағытта өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі мәдени-спорт кешенінің ашылуы — өңірімізде спорт пен мәдениетті, сонымен қатар туризмді дамытуға жасалған маңызды қадам. Қазақ батыры Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі берілген бұл кешен тек спорт пен мәдениеттің орны ғана емес, сонымен қатар бабамызға деген құрметтің белгісі. Балуан бабамыз өмірінің соңғы кездерін осы мекенде өткізген. Оның кесенесі де осы аумақта орналасқан. Бұл игі бастама бабамыздың спорттағы ұлы жетістігін ұрпаққа үлгі етуге бағытталған. Ең алдымен осындай ауқымды кешеннің құрылысына бастамашы болған азаматтарға алғысымды білдіремін. Спорт кешені ел игілігіне нәтижелі қызмет етіп, осы кешеннен елдің абыройын асқақтатар жаңа чемпиондар шығады деп сенемін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Түркістан облысының әкімі Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпақтарымен кездесіп, пікірлесті. Сондай-ақ Құрмет кітабына ізгі тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.

Нысан құрылысын «Ордабасы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен «Авторемстрой ЛТД» ЖШС жүргізді. 5 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы ауданы – 3 622 шаршы метр. Жоба құны – 1,3 млрд теңге.

Мәдени-спорт кешені үш ғимараттан тұрады. Мұнда мұражай, кітапхана, көрме залы, асхана, конференция залы, спорт орталығы, спортшыларға арналған киім ауыстыру және басқа да қажетті бөлмелер бар. 148 орындық амфитеатр стилінде салынған кешенде ауылдық, аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі күрестің кәсіпқой және олимпиадалық түрлері — еркін күрес, дзюдо, қазақша күрес, самбо жарыстарын өткізуге мүмкіндік жасалған.

Халықаралық автожол бойында орналасқан заманауи кешен туристер үшін де қолайлы. Ғимарат ішінде 138 орындық конференция залы, 48 орындық асхана, 126 адамға арналған көрме залы мен кітапхана бар. Бұл нысандар тәулік бойы қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Ордабасы ауданында спортпен тұрақты түрде халықтың 42 пайызы, яғни 53 748 адам шұғылданады. Ал ауданның спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 47 пайызды құрайды.