Түркістанда Қазақстан халқының тілдері күніне арналған мерекелік шара өтті
2025 ж. 09 қыркүйек
43
0

Түркістан облысының мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тіл – әр ұлттың ең асыл қазынасы» атты мерекелік іс-шара өтті.
Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, көпшілікті мерекемен құттықтады. Сондай-ақ тілді дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматтарға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің төсбелгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.
Мереке қарсаңында облыстағы тілдерді оқыту орталықтары арасында «Үздік орталық», «Үздік жарнама» байқаулары ұйымдастырылды. Іс-шара барысында үздік деп танылған 5 орталық пен 3 аудан марапатталды. Қонақтар алдымен аудан, қала орталықтарының дайындаған көрмесін тамашалап, кейін концерттік бағдарламаға қатысып, өңір өнерпаздарының өнерін тамашалады.
Облыста мемлекеттік тілді кеңінен насихаттауға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Сонымен қатар еліміздегі сан түрлі этностардың мәдениетін сақтауға және дамытуға мүмкіндік жасалған. Өңірде 11 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ал қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуге ниетті азаматтар үшін облыс аумағында 17 тегін тіл үйрету орталығы жұмыс істейді.
Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша өңір тұрғындарының 92 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Ал орыс тілін меңгергендер үлесі – 64 пайыз, ағылшын тілін білетіндер – 16,2 пайызды құрайды.
Айта кетейік, Қазақстан халқы тілдері күні алғаш рет 1998 жылы қыркүйектің үшінші жексенбісі болып бекітілген. 2017 жылдан бастап мереке Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне сәйкестендіріліп, 5 қыркүйекте атап өтіледі. Бұл күн туған тілге құрмет пен сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, өзге ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін танып-білуге мүмкіндік береді.