Түркістан облысында арнайы жұмыс тобы құрылды
2025 ж. 09 қыркүйек
44
0

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, мақта науқаны барысында туындауы мүмкін өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Ол зауыттар мен қабылдау бекеттерінің жұмысына тұрақты түрде мониторинг жүргізетін болады. Бұл жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында болады.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков мақта саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында жиналыс өткізді. Мәжіліске аудан әкімдері, диқандар, мақта өңдеу зауыттарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың мәлімдеуінше, биыл ауданда 116,2 мың тонна мақта жиналады деп күтілуде. Күзгі терім науқанына 715 трактор, 897 тіркеме, 61 дәрілегіш ОВХ агрегаты және 222 комбайн дайындалған. Қазіргі таңда Жетісайда 7 мақта өңдеу зауыты мен 77 мақта қабылдау бекеті жұмыс істейді.
Шардара ауданы әкімінің орынбасары Жұмасұлтан Бердешов аудандағы 16 814 гектар мақталықтан 42 мың тоннадан астам өнім жинау көзделіп отырғанын хабарлады. Қазіргі таңда ауыл округтерінде мақта қабылдау бекеттерінің дайындығы пысықталуда.
Мақтаарал ауданында егілген мақта алқабы 35,1 мың гектарды құрайды. Диқандардың болжамына сәйкес, гектарынан орта есеппен 27,1 центнер өнім алынбақ.
Мәжіліс барысында шаруалар өзекті мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мақта өңдеу зауыттарының өкілдері де проблемаларын айтып, биылғы жоспарларымен бөлісті.
Нұрбол Тұрашбеков аудан әкімдіктеріне шитті мақтаны сатып алуға немесе оны терең өңдеуге инвестор тарту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ол мақта зауыттарының өндірістік мүмкіндіктерін саралап, қабылдау қуаттылығы бойынша нақты болжам ұсынуды тапсырды.
– Шаруалардың құқығын қорғау үшін бірыңғай сату-сатып алу келісімшарт үлгісімен жұмыс жүргізуді тапсырамын. Келісімшартта қаржы төлеу мерзімі нақты көрсетілуі тиіс. Ортақ жұмысты күшпен емес, ақылмен атқарайық, – деді облыс әкімінің орынбасары.