Түркістанда ірі тоқыма кластері іске қосылуда
2025 ж. 09 қыркүйек
50
0

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қатар дамып келеді. Соңғы жылдары өңірде агроөнеркәсіп кешенін қайта өңдеуге басымдық беріліп, жаңа өндірістік қуаттар пайдалануға берілуде. Соның айқын мысалы – «Түркістан Текстиль» ЖШС қолға алған мақта-мата кластері. Жобаның құрылыс барысымен облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып танысты.
Өңір басшысы тоқыма кластерінің экономикалық мән-маңызына тоқталып, сапалы әрі жедел іске асыру қажеттігін атап өтті.
Бұл жоба еліміздегі ең ірі тоқыма кластерлерінің бірі болмақ. Жалпы құны – 86,5 млрд теңге. Өндіріс кешенінде 2345 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өз шикізатына негізделген толық өндіріс тізбегі қалыптасып, экспортқа бағытталған дайын өнімдер шығарылады. Жергілікті мақта өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығы да пайда болады.
– Біз шикізатты тек өсіріп қана қоймай, оны толық өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруымыз қажет. Бұл – Президент тапсырмасы. Түркістан облысы – мақта егетін жалғыз өңір. Ендеше, тоқыма кластері осы саланың болашағын айқындайтын маңызды тетік болады. Біз бұл жобаны жіті бақылауда ұстаймыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
«Turkistan Textile» жобасы толық өндірістік циклге негізделген. Элиталық сұрыпты мақта тұқымын өсіруден бастап, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу және дайын өнімді экспортқа шығаруға дейінгі барлық кезең қамтылады. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпті тоғыстырып, өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді. Нәтижесінде облыстың ІЖӨ-сі артып, салық базасы кеңейеді және жұмыссыздық деңгейі төмендейді.
Қазіргі таңда өндірістік корпустар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның бірінші кезеңі биыл іске қосылады, ал қалғаны келер жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға берілмек.
Бұл ірі жобаны Қытайдың «Lihua Group» компаниясы қаржыландырып отыр. Компания халықаралық деңгейде жеңіл өнеркәсіп пен тоқыма өндірісі бойынша беделді инвестор саналады.