Түркістан қаласында жаңа әлеуметтік нысандар салынады
2025 ж. 09 қыркүйек
50
0

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қаладағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс жоспарларымен танысты. Облыс орталығын аралаған өңір басшысына жауапты сала жетекшілері мен қала әкімі жаңа жобаларды ұсынып, олардың ерекшеліктерін таныстырды.
Алдымен М.Абенова мен Тоған көшелерінің қиылысында бой көтеретін жаңа қалалық әкімдік ғимаратының жобасы таныстырылды. 1,4 гектар аумақта орналасатын нысанның қасбеті «Караван сарай» мен «Қолөнершілер орталығы» кешендерінің сәулеттік шешімдерімен үйлестіріледі. Құрылыс жұмыстары 14 айда аяқталуы жоспарланған.
Одан кейін облыс басшысына Есімхан алаңы маңында салынатын «Руханият орталығының» жобасы ұсынылды. 0,44 гектар аумақта бой көтеретін екі қабатты ғимараттың құрылыс мерзімі 7 ай деп белгіленген.
Сондай-ақ Н.Төреқұлов көшесінде салынатын «Асыл мұра» саябағының жобасы таныстырылды. 6,2 гектар жерге орналастырылатын саябақтың 4,2 гектары абаттандырылады. Құрылыс жұмыстарының ұзақтығы 10 ай деп күтілуде.
– Басты мақсат – халықтың өмір сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру. Жобалар ел мүддесіне толық қызмет етуі тиіс, – деді Нұралхан Оралбайұлы. Ол әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы ашық әрі қатаң бақылауда болатынын атап өтті.