Түркістан облысында азаматтардың өтініштері назарда

Түркістан облысында азаматтардың өтініштері назарда

Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Қабылдау «Ашық әкімдік» кеңсесінде өтіп, тұрғындар көтерген мәселелер жауапты мамандардың қатысуымен талқыланды.

Қазығұрт ауданынан келген тұрғын суармалы егістік жерлерге су жеткізу мәселесін көтеріп, Р-7А каналын жөндеуді сұрады. Бұл бағытта каналға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланғаны, жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамаға ұсынылғаны түсіндірілді. Сонымен қатар суды заңсыз пайдаланушыларды анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс істейтіні айтылды.

Түркістан қаласының тұрғыны жерді пайдалану құқығын беру барысында заң бұзушылық орын алғанын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселе бойынша жер құжаттарын рәсімдеудің заңдылығына тоқталып, тиісті мекеменің шешімімен келіспеген жағдайда азаматтың құзырлы органдарға шағымдану құқығы бар екенін түсіндірді.

Созақ ауданынан келген азамат балық шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетуді сұраса, Сауран ауданының тұрғыны жерді заңсыз иелену дерегін тексеруді өтінді.

Нұрбол Тұрашбеков көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, орындалу мерзімдерін белгіледі.

Айта кетейік, Түркістан облысында азаматтар әкімдік өкілдерінің жеке қабылдауына бірнеше жолмен жазыла алады. Ол үшін egov.kz порталы немесе e-otinish бірыңғай базасы арқылы өтініш қалдыруға, сондай-ақ «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша түрде өтініш беруге болады.