Түркістан облысында жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр
2025 ж. 08 қыркүйек
59
0

Түркістан облысында 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осыған орай облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қысқы кезеңге әзірлік барысы кеңінен талқыланды. Жиын барысында жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, өңірдің қыс мезгіліне толық дайын болуы қатаң ескертілді.
Облыс басшысы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік, мәдениет және спорт нысандарындағы жылыту жүйелері уақытылы тексеріліп, жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ жылыжай иелері мен жеке тұрғындар да қытымыр кезеңге алдын ала қамдануға шақырылды.
– Әрбір мекеме алдын ала дайын болса, қыс еш қиындықсыз өтеді. Сондықтан әркім өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жылыту маусымына дайындық бекітілген кестеге сай жүргізіліп, уақытында аяқталсын. Алдағы қытымыр кезеңге сақадай сай болуымыз қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Білім нысандары – басты назарда. Әкім аудандық білім бөлімдерінің басшыларына бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Егер дайындықта салғырттық байқалса, тиісті басшылардың жауапкершілігі қаралатыны ескертілді.
Энергетика және инфрақұрылым салаларындағы дайындық барысы да пысықталды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, өңірде жылыту жүйелерін әзірлеу өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Қазіргі таңда облыста жылумен қамтамасыз ететін 7 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 1 жылу энергетикалық кешен, 36 орталықтандырылған және 2 083 автономды қазандық бар.
Жоспарға сәйкес бұл нысандарда қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Электрмен жабдықтау бағытында 1 239 шақырым электр беру желісі, 26 қосалқы станция және 465 трансформатор қондырғысына күрделі және ағымдағы жөндеу жасалды. Ал «Qazaq Gaz» АҚ тарапынан 2025–2026 жылдарға арналған жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
Орталық жылу беру ұйымдарының дайындығына 7,8 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 7,7 млрд теңге бюджет есебінен қарастырылды.
Бірқатар аудандарда жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Кентау қаласында жылу энергетикалық кешен жаңартылып, 14,5 шақырым магистральды жылу желісі қайта құрылуда. Созақ ауданындағы Қыземшек кентінде қазандықтар ауыстырылса, Төлеби ауданында 1,1 шақырым жылу желісі жаңартылып, жылу қазандығы жөнделді. Отырар ауданындағы Шәуілдір елді мекенінде қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданында жыл сайынғы жоспарлы жұмыстар толық аяқталды. Ал Түркістан қаласындағы 18 орталық қазандықтың барлығында қысымдау жұмыстары жүргізіліп, резервтік отын түрлерін орнату басталды.
Әлеуметтік нысандардың да жылыту жүйелеріне қысымдау жұмыстары жүргізілді. Өңір бойынша көмірге деген қажеттілік – 600,1 мың тонна. Бюджеттік мекемелерге отын жеткізу кестеге сай жүзеге асырылуда. Сонымен қатар тұрғындар мен жылыжай иелеріне қажетті отынды алдын ала сатып алу қажеттігі айтылды.
Жылыту маусымына дайындықты уақытында әрі сапалы аяқтау барлық аудан, қала әкімдіктеріне тапсырылды. Жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес, штаттық режимде және тұрақты бақылауда атқарылуда.