Түркістан облысында инвестициялық жобаларды қолдау тетіктері талқыланды
2025 ж. 08 қыркүйек
57
0

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде инвесторларды тарту, оларға қолайлы жағдай жасау және жобаларды сүйемелдеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта облыс әкімдігінде инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтіп, оған жауапты басқарма басшылары, қала және аудан әкімдіктерінің орынбасарлары, сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.
Кездесу барысында өңірде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы талқыланып, олардың алдында тұрған проблемалық мәселелер ортаға салынды. Жиынға қатысушылар бұл түйткілдердің шешу жолдарын қарастырып, нақты ұсыныстар енгізді. Сонымен бірге жаңадан ұсынылған жобалар қаралып, оларды іске асырудың тиімді тетіктері пысықталды.
Құны 500 миллион теңгеге дейінгі жобалар жеке-жеке қарастырылып, олардың жүзеге асырылу барысына кеңінен тоқталынды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі саласында «EL KZ-2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асфальт темір-бетон өндіру жобасы, өсімдік шаруашылығы бағытында «Абдашим» жеке кәсіпкерлігінің ауыл шаруашылығы өнімі бойынша 210 мың тонна өнім өндіру жобасы және «TURAN MAQTA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы өнімі бойынша 10 мың тонна өнім өндіру жобасы жан-жақты талқыланды.
Бүгінгі таңда жобаларды іске асыру барысында орын алып отырған бірқатар мәселелерді шешу үшін жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, қажетті инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту, жер учаскелерін рәсімдеу, рұқсат құжаттарын алу секілді бағыттарда нақты істер қолға алынған. Сонымен қатар, әрбір жобаның бастамашысымен жеке жұмыс жүргізіліп, олардың бастамаларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан барынша қолдау көрсетіліп отыр. Бұл қадамдар жобалардың уақтылы әрі толық көлемде жүзеге асырылуына септігін тигізуде.
Жиын соңында облыс басшылығы инвестициялық климатты жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту және инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Жауапты сала өкілдеріне хаттамалық тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны ескертілді.
Жалпы алғанда, аталған жобалардың табысты жүзеге асуы Түркістан облысының экономикасының тұрақты дамуына, өңірдегі инвестициялық ахуалдың жақсаруына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етпек. Бұл өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, халықтың әл-ауқатын көтеруге айрықша үлес қосады.