Түркістанда жаңа мәдениет үйі ашылды

Түркістанда жаңа мәдениет үйі ашылды

Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай Түркістан қаласында заманауи талаптарға сай салынған көпфункционалды мәдениет үйі пайдалануға берілді. 500 орындық көрермен залы бар жаңа нысанның ашылуына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Облыс әкімі түркістандықтарды мерекемен құттықтап, жаңа мәдениет ошағы өңірдің рухани өміріне серпін беретінін атап өтті.

– Түркістан – қазақ руханиятының алтын бесігі. Мұнда жаңа Мәдениет үйінің бой көтеруі талантты жастарға жол ашып, мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосады. Бұл – Мемлекет басшысының Түркістанды түлету жөніндегі бастамаларының жалғасы, – деді Нұралхан Көшеров.

Жаңа ғимаратқа тапсырыс беруші – Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі», мердігер – «Өмірзақ» ЖШС. 1,13 гектар аумақта бой көтерген мәдениет үйінде халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдер ұйымдастырылмақ.

Нысанның ішінде көркемсурет галереясы, музей залдары, мәдениет ардагерлеріне арналған бөлме, хореография және фитнес залы, фотостудия, әдістемелік кабинеттер, мұрағат, сондай-ақ халық театрлары мен шығармашылық ұжымдарға арналған дайындық бөлмелері қарастырылған.