«Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы Татарстанда өтті

«Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы Татарстанда өтті

2025 жылдың 26 тамызында Татарстан Республикасының Мұса Жәлил атындағы академиялық мемлекеттік опера және балет театрында қазақстандық композитор Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының ауқымды премьерасы өтті. Қоюшы театр – Қазақстанның жетекші ұжымдарының бірі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры. Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Татарстан Республикасы Мәдениет министрлігі және Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асты.

Қазанда осы күндері бірқатар ірі мәдени іс-шаралар, соның ішінде «Жаңа толқын» байқауы өткеніне қарамастан, «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасына арналған 990 билет бір апта ішінде түгелдей сатылып кетті. Спектакль соңында көрермен қауым өнер ұжымын ұзақ уақыт бойы тұрып қол шапалақтап, әсерлі пікірлерімен бөлісті. «Керемет әсер алдым! Алғашында ерекше ештеңе күтпей келгем, енді екінші бөлімі қашан басталады екен деп асыға күтіп отырмын», – деді үзіліс кезінде тұрақты көрермендердің бірі.

Бұл ерекше кеште «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы Қазақстан мен Татарстан халықтарын рухани тұрғыдан тоғыстырған асыл қазынаға айналды. Қойылымды Италияның ең беделді сахналарында жұмыс істеген белгілі режиссер Давиде Ливерморе сахналады. Операға 200-ден астам әртіс қатысты. Жанды орындау мен әсерлі сахналық көріністер тарихи дәуірді шынайы сезінуге мүмкіндік берді.

Премьераның ашылуында Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Лейла Ренатовна Фазлеева көрермендерді құттықтап, театр ұжымына алғыс білдіріп, Қазақстан Республикасының Конституция күні мен Татарстан Республикасының күні мерекелерімен құттықтады:

«Біздің ортақ тарихымызға, дәстүріміз бен құндылықтарымызға жақындастырғандары үшін әріптестерімізге шын жүректен алғыс айтамын. Бүгін біз тек өнер туындысын емес, ғылым мен мәдениетті тоғыстырған ерекше еңбекті көргелі отырмыз. Өйткені бұл спектакльдің жасалуына Қазақстан мен Татарстан ғалымдары, сондай-ақ біздің Академиямыз белсене қатысып, өз үлестерін қосты. Осы қойылымнан біз тарихымыздың терең мәнін көреміз. Дұрысы – бір тарихты, ол біздің халықтарды біріктіретін ортақ тағдыр. Сондай-ақ алдағы мерекелердің алдында бізді осылай бірге табыстырған Қазақстанның Қазандағы Бас консулына ерекше алғыс айтамын», – деді Лейла Ренатқызы.

Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының сахналануы Жошы Ұлысының құрылғанына 800 жыл толуына арналатынын атап өтті. Оның айтуынша, қойылым екі халық арасындағы рухани байланысты нығайтып, халықаралық ынтымақтастыққа жаңа серпін береді. Ол өз сөзінде Қазақстан Конституциясының 30 жылдығы – елдің тұрақтылығы мен даму кепілі екенін де атап өтті. Сондай-ақ Татарстан халқын Республика күнімен құттықтап, Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуымен құттықтады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева өзінің құттықтау хатында: Қазақстан мен Татарстан арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуы біздің сан қырлы ынтымақтастығымызда маңызды орын алатынын атап өтті. Екі елдің шығармашылық ұжымдарының байланысы – осының айқын дәлелі. Біздің халықтарды біріктіріп отырған – ортақ тарих, мәдениет, ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен құндылықтары, сондай-ақ достық пен түсіністікке деген ұмтылыс.

«Біз үшін Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасын Қазақстанның жетекші театрларының бірінің орындауында Татарстан жұртшылығына ұсыну – үлкен мәртебе. Бұл мүмкіндікті жасағаны үшін Рустам Миннихановқа алғыс айтамын. Қойылымға түркітілдес елдердің алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу орталықтары мен тарихшылары үлес қосты. Олардың еңбегі дәуірдің шынайы бейнесін қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді. Барлық көрерменге тамаша әсер тілеймін. Сенемін, бұл премьера сіздер үшін шабыт пен ортақ ұлы тарихымызға деген мақтаныштың қайнар көзі болады, өнермен қауышудан қуаныш сыйлайды.

Сіздердің ой-пікірлеріңіз бен әсерлеріңізді асыға күтеміз. Біз бірлесіп әлі де ынтымақтастығымызды нығайтып, дами түсетініне сенемін. Татарстан халқына шын жүректен бейбіт өмір, тұрақтылық пен өсіп-өркендеу тілеймін!» – деп атап өтті Аида Балаева.

Өз сөзінде театр директоры Айнұр Көпбасарова Татарстан Республикасының Раисы Рустам Нұрғалиевич Миннихановқа, Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Хафиязовна Аюповаға, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваға және Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ұзанович Ысқақовқа гастрольді ұйымдастырудағы жан-жақты қолдауы мен көрсеткен қонақжайлығы үшін шынайы алғыс білдірді.

Айнұр Көпбасарова алдағы мерекелердің біздің күшімізді, сенімімізді және ортақ жолымызды бейнелейтінін атап өтті:

«Хан Сұлтан операсы – бұл жай ғана өнер емес. Бұл – тарихтың үні, бізге Алтын Орданың асыл мұрасын еске салатын рухани қазына. Құрметті көрермендер! Бұл мереке халықтарымыздың мәңгі достығының символына айналып, сіздерге өткенге деген мақтаныш пен ортақ жарқын болашаққа деген сенім сыйласын».

Театрдың фойесінде Қазақстан туралы арнайы фотокөрме ұйымдастырылды. Көрме қонақтарға еліміздің әлемдік аренадағы орны мен рөлін, бай мәдениетін, әсем табиғатын және заманауи сәулетін таныстырды.

Операның премьерасына Қазанда тіркелген шетелдік бас және құрметті консулдықтардың жетекшілері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, іскерлік орта өкілдері, Татарстан бұқаралық ақпарат құралдары мен қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.