Ауылдық елді мекендерде өрттен қорғауды нығайту
2025 ж. 22 тамыз
29
0

«Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы шеңберінде өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар ерікті өрт құралымдарын қолдау үшін шалғайдағы елді мекендерде өртке қарсы қорғанысты нығайту жөніндегі шараларды белсенді іске асыруда.
Жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, жыл басынан бері 35 елді мекенде өрт сөндіру пункттері ашылды, 12 елді мекенде реновациялау жүргізілді. Сонымен қатар жыл соңына дейін 51 өрт сөндіру пунктін құру жоспарлануда, 25-інде реновациялау жүргізіледі.
Маңғыстау облысында облыс әкімдігі мен мәслихатының қолдауымен 8 заманауи өрт сөндіру пунктінің құрылысына қаражат бөлінді. Маңғыстау ауданының Ақтөбе, Сайөтес, Қызан, Тұщықұдық ауылдық округтерінде, Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында, Қарақия ауданының Сенек ауылында, Түпқараған ауданының Таушық және Қызылөзен ауылдарында өрт қауіпсіздігінің жаңа объектілері салынатын болады.
Абай облысында Бородулиха ауданының Зенковка және Дмитриевка ауылдарында құрылыс басталды.
Жамбыл облысы Сортөбе ауылының өрт сөндіру пунктінде реновациялау жүргізілді. Жаңартылған өрт сөндіру бекетіне төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар берілді. Еріктілерге арнайы киімдер мен жабдықтар жиынтығы табысталды.
Бұл бағдарламаны іске асыру шалғайдағы ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігі деңгейін және төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрғындар үшін қосымша қауіпсіздік кепілдіктерін жасайды және жергілікті жерлерде азаматтық қорғау жүйесін нығайтады.