Түркістанда балалардың қауіпсіздігі үшжақты жоспар аясында күшейтілуде
2025 ж. 20 тамыз
119
0

Түркістан облысында білім беру ұйымдарын Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына (ЖБО) қосу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл бастама – Мемлекет басшысының білім беру мекемелерін толыққанды қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған маңызды қадам.
Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен дөңгелек үстел өтті. Басқосуға облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов, Полиция департаменті бастығының орынбасарлары Бағланбек Айтпаев пен Мұрат Естемесов, сондай-ақ облыстық цифрландыру басқармасы мен байланыс операторларының өкілдері қатысты. Жиында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелерінің тиімділігі мен оларды ЖБО-ға қосу барысы талқыланды.
Қазіргі таңда өңірде 1400-ден астам балабақша жұмыс істейді. Оның ішінде 175-і мемлекеттік, ал 646-сы жекеменшік. Бала саны 100-ден асатын бөбекжайларда бейнебақылау камераларын орнату міндеттелген. Бүгінгі күнге дейін 15 мемлекеттік балабақша Цифрландыру басқармасының бюджеті есебінен Полиция департаментінің ЖБО-ға қосылды. Ал жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар бұл жұмысты өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда.
Өңірде шамамен 1300 мектеп бар. Ортақ жұмыстардың нәтижесінде олардың 98 пайызы ЖБО-ға қосылды. Колледждерде бұл көрсеткіш 85 пайызды құрайды. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде дабыл түймелері 100 пайыз орнатылған. Турникет жүйесі енгізіліп, арнайы күзет қызметімен толық қамтамасыз етілген.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бала қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Ол ЖБО-ға қосылмаған мекемелердің мәселесін созбалаңға салмай, ең қысқа мерзімде шешуді тапсырды.
– Бала қауіпсіздігі – біздің ең басты міндетіміз. Әрбір білім беру ұйымы толыққанды қауіпсіздік жүйесімен қамтылуы қажет. Бұл ата-аналардың сенімін арттырып, балалардың алаңсыз білім алуына мүмкіндік береді. Сондықтан барлық жауапты органдар үйлесімді жұмыс істеп, техникалық және ұйымдастырушылық кедергілерді дер кезінде жоюы тиіс, – деді ол.
Облыстық білім басқармасы, Полиция департаменті және облыстық цифрландыру басқармасы үшжақты жоспар аясында бұл мәселені кезең-кезеңімен шешіп келеді.