Түркістанда бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жеті жүзден астам вакансия ұсынылды
2025 ж. 19 тамыз
168
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай Түркістан облысында арнайы жоспар бекітіліп, оны жүзеге асыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның айғағы ретінде облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» ұйымдастыруымен Сауран ауданының Оранғай ауылындағы №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.
Аталған іс-шара өңірдегі жұмыссыз азаматтар мен жастарға арналған болатын. Жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысып, халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол облыста бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылатынын айтып, қатысушыларға еңбек жолында табыс пен сәттілік тіледі.
Бұл жәрмеңкеге Түркістан және Кентау қалаларынан, сондай-ақ Сауран ауданынан келген отыз жұмыс беруші қатысты. Олар тұрғындарға жеті жүзден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде үш жүзге жуық азамат жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, өз мамандықтарына сәйкес қызметке орналасу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар арнайы мамандар Түркістан, Кентау қалаларынан және Сауран ауданынан келген тұрғындарды қабылдап, оларға кәсіби кеңестер берді.
Жәрмеңкеде ұсынылған бос жұмыс орындарының дені өнеркәсіп саласына тиесілі болды. Бұл бағытта төрт жүз қырық бес орын қарастырылды. Бұдан бөлек, құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында жүз елу жұмыс орны, қызмет көрсету саласында тоқсан алты орын, білім беру саласында отыз сегіз орын, ауыл шаруашылығында отыз үш орын және денсаулық сақтау саласында он төрт жұмыс орны ұсынылды. Әр сала бойынша вакансиялар сан түрлі мамандықтарды қамтыды. Мәселен, дәрігерлер, педагогтар, кітапханашылар, мәдени іс-шара ұйымдастырушылар, бағбандар, шаштараздар, инженерлер, механиктер, дәнекерлеушілер, электриктер, жүргізушілер, аспаздар, тігіншілер, күзетшілер, сондай-ақ IT саласының мамандары жұмыс берушілер тарапынан ерекше сұранысқа ие екені анық байқалды.
Жәрмеңке барысында ұсынылған мамандықтардың жалпы саны жетпістен асты. Бұл шара өңір жастарына еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді кеңінен таныстыруға, олардың кәсіби бейімділігіне сай жұмыс табуына жол ашты.
Айта кету керек, 2025 жылдың басынан бері өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында жетпіс төрт мың алты жүз отыз азамат тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Оның ішінде отыз алты мың төрт жүз он бес азамат тұрақты жұмысқа орналасса, отыз сегіз мың екі жүз он бес азамат субсидияланатын қызметтерге қабылданған.
Осылайша, Түркістан облысында жұмысшы мамандықтарды дамыту мен халықты жұмыспен қамтуға бағытталған жүйелі шаралар қарқынды түрде жалғасуда.