Парламенттің үшінші сессиясында "Ақ жол" депутаттары ең көп сауал жолдады

Парламенттің үшінші сессиясында "Ақ жол" депутаттары ең көп сауал жолдады

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде жабылды.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атап айтқанда, депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады.

- Бүгін сегізінші сайлаған Парламенттің үшінші сессиясының жұмысын аяқтағалы отырмыз. Біз өз өкілеттігіміздің тура бел ортасына келдік. Іс жүзінде бұл - бірлесе атқарып жатқан жұмысымыздың мкаңызды кезеңі, межелі белесі. Шын мәнінде, қазіргі сайланым Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүйелі де, дәйекті түрде жүзеге асырып отырған Парламент деуге болады. Осы жылдары депутаттар ұдайы Президент реформаларының алғы шебінен көрінді, - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, Парламент депутаттары әрдайым Мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған халықтың талап-тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын басшылыққа алып келеді. Бұл ұстаным бағыт-бағдарымызды айқындап, күш-қуатымызды бір арнаға жұмылдыруға жол ашты.

- Парламенттің күнделікті жұмысы, ең әуелі, осы реформалар мазмұнын одан әрі байытып, нақты іспен қолдауға бағытталған. Сессия басталарда Мемлекет басшысы өз Жолдауында алға қойған басты міндеттері біздің жұмысқа серпін беріп, қарқын қосты. Ұлттық құрылтайда айтылған стратегиялық идеялар Парламент назарын қоғамның ең өзекті мәселелеріне аударды. Президенттің Сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік депутаттық корпус осы сессияда іске асырды. Үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданды. Сессия барысында біз әлеуметтік саясат пен азаматтарымыздың мүддесі мызғымас басымдық екенін айқын көрсеттік, - деді Мәжіліс төрғасы.

Ал, BES.media ресурсының мәліметінше, VIII шақырылымда Мәжіліс 266 заң жобасына бастамашы болды, оның 167-сіне президент қол қойды, 61-і қарауда қалды, 30-ы Сенатқа жіберілді, жетеуі кері қайтарып алынды немесе қабылданбады. 

Саясаттанушы Әмірлан Нұрғазин саяси маусымның статистикасын есептеді. 

Фракциялар бойынша депутаттық сауалдар саны:

«Аманат» партиясының фракциясы – 619;

Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының фракциясы – 162;

«Ауыл партиясы» фракциясы – 114;

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы – 113;

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының фракциясы – 63;

«Республика» партиясының фракциясы – 56.

Яғни, осы мәліметті депутаттар санына шақса, 3 сессияда "Аманаттың" әр депутаты орташа есеппен 10 сауал;

"Ақ жол" ҚДП-ның әр депутаты 27 сауал; 

"Ауылдың" әр депутаты 14 сауал;

Экс-коммунистер - 22 сауал;

ЖСДП - 16;

"Республикалықтар" - әр депутаты 9 сауалдан жасаған болып шығады.