Мәулен Әшімбаев: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы – реформалардың басты мақсаты
2025 ж. 22 маусым
47
0

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың "Túrkistan" халықаралық газетінде жарияланған "Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы" атты мақаласында Қазақстанның жаңғыру жолындағы жаңа бағыттары мен қоғамды сапалық тұрғыдан өзгертудің негізгі тетіктері сөз болды.
Сенат төрағасы өз мақаласында қазіргі реформалардың тек саяси немесе экономикалық өзгерістер емес, ұлттың ішкі сапасын жаңартуға бағытталған терең трансформация екенін атап өтеді. Ол бұл үдерісті "Тоқаев моделі" деп сипаттап, оны ұлттық рухты күшейту, тарихи сана мен мәдени кодты жаңа технологиялармен ұштастыру арқылы іске асырылатынын нақтылайды.
Мақалада ХХІ ғасырда Қазақстан үшін "смарт-ұлт" концепциясын қалыптастыру – басты міндеттердің бірі екені айтылған. Бұл – тек білімді және бәсекеге қабілетті ғана емес, заман талабына сай икемді, саналы, жауапты азаматтардан құралған жаңа сападағы ұлт. Мұндай ұлтты қалыптастыру үшін тарихи жады мен рухани құндылықтарды сақтай отырып, оларды қазіргі цифрлық мәдениетпен үйлестіру қажет.
Сондай-ақ, Әшімбаев ұлттық ренессанс идеясын алға тартып, ұлттың жаңғыруы тек мәдениет пен тарихқа сүйеніп қана қоймай, заманауи білім, ғылым және инновациялық ойлау жүйесіне негізделуі тиіс екенін баса айтады.
Осылайша, мақалада қазіргі реформалардың мәні тереңде жатқаны, олардың түпкі мақсаты заманға лайық, жаңаша ойлайтын, ел тағдырына жауапты ұлт қалыптастыру екені кеңінен баяндалады.