Қазақстан мен Қытай колледждерді интернационалдандыру аясында ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Қытай колледждерді интернационалдандыру аясында ынтымақтастықты кеңейтуде

Үрімші қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің білім министрлерінің 9-шы кеңесі өтті. Іс-шараға Қазақстан, Қытай, Ресей, Иран, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің салалық ведомстволарының басшылары, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Кездесу барысында ШЫҰ кеңістігіндегі білім беру саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Қатысушылар бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау, бірлескен академиялық бастамалар, цифрлық трансформациялар мен жасанды интеллектті білім беру үдерісіне енгізу мәселелеріне ерекше басымдық аударды.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз сөзінде техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестікті нығайтудың стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын енгізу және колледждерді интернационалдандыру арқылы кадр даярлау сапасын арттыруға тоқталды.

Іс-шара аясында министр Қытай Халық Республикасының Білім министрі Хуай Цзиньпэньмен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу мәселелері қаралды.

Бүгінгі таңда Алматы, Шымкент және Жамбыл облысындағы колледждер Қытайдың алдыңғы қатарлы колледждері мен өндірістік кластерлерімен тәжірибе алмасуды бастап кетті. Студенттер мен оқытушылар үшін серіктес ұйымдар базасында тағылымдамалар ұйымдастырылып, олар заманауи технологиялар мен өндірістік стандарттарды меңгеруде.

Келіссөздер нәтижесінде халықаралық біліктілігі бар мамандарды даярлайтын Қазақстан-Қытай кәсіптік-техникалық колледжін құру туралы келісімге қол жеткізілді. Қытай тарапы қазақстандық білім беру ұйымдарының басқарушы кадрларының жасанды интеллект пен білім беруді цифрландыру бойынша біліктілігін арттыруға қатысуға әзірлігін білдірді.

Сонымен қатар, тараптар биылғы күзде Алматыда өтетін Инклюзивті білім беру жөніндегі алғашқы бүкіләлемдік конгресс аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою ниетін растады.