«Біріккен Ұлт жеңеді!» байқауы: Ұлы Жеңіс рухын дәріптеген жастар салтанаты

«Біріккен Ұлт жеңеді!» байқауы: Ұлы Жеңіс рухын дәріптеген жастар салтанаты

2025 жылдың 8 мамырында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты V халықаралық бейнематериалдар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және университеттің Журналистика факультетінің 15 жылдық мерейтойына арналды.

Биылғы байқау «Ұлы Жеңісті ұлықтаған, рухы биік жас ұрпақ!» тақырыбымен жарияланып, оған отандық университеттермен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей және Орталық Азия елдерінен 100-ден астам студент, магистрант пен докторант өз шығармашылық жұмыстарын ұсынған.

Профессор, кәсіби тележурналист, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлбосын Есенбекованың бастамасымен 2020 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл байқау жас ұрпақты тарихты құрметтеуге, патриоттық рухты нығайтуға, ұлттық медианың цифрлық ортада дамуына үлес қосуға шақырады.

Бесінші рет өтіп жатқан Халықаралық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Ғылыми Кеңес залында өтті. Салтанатты жиынды университет проректоры Бейсенбай Ардақ Бақытұлы ашып, алғашқы құттықтау сөзін арнады. 

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің иегері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, “Парасат” және “Құрмет” ордендері иегері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қазыбек Жарылқасынұлы Иса мен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Президенті Сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жанарбек Садықанұлы Әшімжанов, белгілі қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері құттықтау сөз сөйледі.

Байқауға құттықтау сөзін арнаған Қазыбек Иса бұл шығармашылық платформаның тәрбиелік әрі рухани мәнін ерекше атап өтті: Бұл байқау – тек шығармашылық жарыс емес, жас ұрпақтың рухани кемелденуінің, ел мен жерге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Байқау тақырыбы жастардың жүрегіне жол табады, ал оның мазмұны — ұлттық идеологияны жаңғыртатын маңызды бастама. Байқаудың биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналғаны өте дұрыс! Өйткені, биылдың өзінде соғыс ардагерлері саусақпен санарлықтай ғана қалды. Келесі жылы, бола ма, болмай ма, белгісіз?.

Әлемде екінші дүниежүзілік соғысқа халық санына шаққанда ең көп қатысқан қазақ халқы. Соғысқа қатысқан 1миллион 200 мың қазақстандықтың 500-дейі Кеңес Одағының Батыры атанса, онда 40 пайыздай болады, демек халық санына шаққанда ең көп батырлар қазақтардан шыққан».

Ал Жанарбек Әшімжанов байқаудың идеялық мазмұнына ерекше тоқталды. Өз сөзінде халық қалаулысы: «Байқаудың өзі де, атауы да ерекше. «Біріккен Ұлт жеңеді!» деген атау – тек поэтикалық тіркес емес, ұлт болашағына сенім ұялататын шынайы ұран. Ал тақырыбы – «Ұлы Жеңісті ұлықтаған, рухы биік жас ұрпақ!» – жас буынның тарихи жадымен байланысын күшейтетін, елдік сана қалыптастыратын мәнді жолдау», – деп атап өтті.

Мәжіліс депутаттары байқауға қатысқан болашақ журналистерге шығармашылық табыс тілеп, мұндай жобалар Қазақстанның ақпараттық болашағына бағыт-бағдар беретін маңызды қадам екенін жеткізді.

Байқауда II орын алған жұмыстың авторларын ЕҰУ-дің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы Қуантаев марапаттады. Ол қатысушылардың шығармашылық әлеуетіне жоғары баға беріп, Журналистика факультетінің 15 жылдығы аясында өткізіліп отырған байқаудың университет үшін де, ұлттық журналистика үшін де маңызды екенін айтты.

III жүлделі орын алған жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табыстаған  

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сақ Қайрат Өмірбайұлы: «Біз Жеңіс рухын ұлықтаған бейнеконтент арқылы болашақ журналистердің ойлау деңгейі мен дүниетанымын көре алдық. Байқауға қатысқан білім алушылар мен олардың жетекшілеріне алғыс білдіремін», – деді.

Халықаралық байқаудың Гран-При жүлдесі Бауыржан Фариза Бауыржанқызына (ЕҰУ) берілді. І орын – Akbilge Kutym (Nazarbayev University); ІІ орын – Ақылбекова Аяжан (М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті) және Сағатова Нұрай, Абдықадыр Томирис, Қожабай Қыдырәли (ХАТУ); ІІІ орын – бірнеше жүлдегер марапатталды, олардың қатарында Жанна Алдабергенова (Turkistan TV), онлайн қосылған медиа мамандар, және басқа дарынды жастар бар.

Бұған қоса, «Үздік идея», «Үздік режиссура», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік монтаж» сияқты арнайы номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. «Күлтегін», «Сағат Әшімбаев», «Шерхан Мұртаза», «Лязиза Аймашева» және «Ақселеу Сейдімбек» атындағы арнайы номинациялар тағайындалды. Номинациялар бойынша дипломдарды жеңімпаздарға елімізге белгілі профессорлар, тележурналистер, редакторлар мен мәдениет қайраткерлері табыстады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттауға «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторының орынбасары Қуат Әуесбай, Turkistan TV телеарнасының басқарушы директоры Алдабергенова Жанна, профессорлар Серік Тахан, Сәуле Тапанова, факультет деканының орынбасарлары Әшірбекова Гүлмира,

Болатова Гүлжаухар және кафедра меңгерушілері Шурентаев Амангелді мен Байғожина Дана, филология ғылымдарының кандидаты Тоқтағазин Мұратбек пен Ақсейіт Ғалия қатысты.

Салтанатты рәсімге республикаға танымал медиа менеджер, тележурналист, PhD докторы Егембердиев Ысқақ Дүйсенбайұлы АҚШ-тан онлайн қосылады.

«Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық бейнематериалдар байқауының негізін қалаушысы, жетекшісі әрі шабыттандырушы тұлғасы – профессор Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекова. Пандемия жылында (2020 ж.) алғаш рет байқау өткізу туралы идея ұсынып, оны жүзеге асыру жолында үлкен қажыр-қайрат пен шығармашылық жігер танытты. Университет басшылығының қолдауымен, ұлттық медианың болашағы үшін маңызды алаңға айналған жобаның негізін қалады.

Профессор өз сөзінде байқаудың басты мақсатын былай деп көрсетіп берді:

«Басты мақсатымыз – жасанды интеллект пен алапат цифрлық дауылдар дәуірінде қазақ медиасын әлемге таныту. Технологиялық ортаның талабына сай, ойы жүйрік, сөзі өткір қазақ журналистерін шыңдайтын маңызды алаң жасау болды».

Байқау жыл сайын өзектілігін арттырып, халықаралық деңгейге көтерілді. Биылғы бесінші маусым – соның жарқын дәлелі. Жас буынның тарихи жадымен байланысын тереңдету, ұлттық рухты заманауи форматта ұсыну идеясы байқауға қатысқан әрбір студенттің жұмысынан байқалады.

Ұлбосын Мейірбекқызы байқауды ұлттық рух пен жаһандық ойдың тоғысар нүктесі ретінде сипаттады:

«Бүгінгі жеңімпаздар – тек жүлдегерлер ғана емес, бейбітшілікке, бірлік пен рухани тұтастыққа сенетін ұрпақтың жарқын өкілдері. Олар – ертеңгі медианың көшбасшылары».

Профессор сондай-ақ студенттерге жаңа идеялар мен шабыт тіледі, байқаудың келесі маусымына сеніммен қарайтынын жеткізді. Ұлбосын Есенбекованың жетекшілігімен бұл байқау жай ғана конкурс емес, ұлттық сана мен жасампаз болашақты жалғайтын рухани көпірге айналып отыр.

Марапаттау рәсімі барысында жастардың рухы, кәсіби шеберлігі мен азаматтық ұстанымы жоғары бағаланды. Жеңімпаздар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, бұл байқаудың оларға үлкен мотивация сыйлағанын жеткізді.

І орын иегері Nazarbayev University студенті Akbilge Kutym өз сөзінде былай деді: «Бұл жеңіс – менің ғана емес, мені қолдаған профессор ұстаздарым мен жақындарымның ортақ жемісі. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған байқауға қатысу – тарихи салмағы үлкен әрі абыройлы міндет».

«Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауы жыл сайын кең ауқымды халықаралық платформаға айналып келеді. Жастардың ойы мен сөзі арқылы бейбітшілік, тарихи жады мен ұлттық рух биік деңгейде дәріптелді.

Марапаттау рәсімін «Мен – Қазақпын» атты рухты бейнебаян қорытындылап, қатысушылар жүрегіне ерекше әсер қалдырды.

Байқаудың келесі кезеңінде жаңа идеялар мен жаңа есімдердің пайда болары сөзсіз. Біріккен ұлт болашағы – рухы биік, жауапты, жаңашыл жастардың қолында!